Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

«Өзбекстаннан көшіп келген»: Алматы облысында ауыл ақсақалдары қабірді қызғанып, сырттан келген жігіттің мәйіттін жерлеуге қарсы шығып жатыр

Алматы облысында екі ауылдың тұрғындары қабірге таласып, ақтық сапарға аттандыратын адамдарын жер қойнына бере алмай отыр. Іле ауданына қарасты Асқар Тоқпанов ауылының 10-15 шақты азаматы аяқ астынан жік шығарған. Олар қабірді қызғанып, өз беттерінше пәтуа бекітіп алған, деп хаба

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··2 мин оқу
«Өзбекстаннан көшіп келген»: Алматы облысында ауыл ақсақалдары қабірді қызғанып, сырттан келген жігіттің мәйіттін жерлеуге қарсы шығып жатыр
Алматы облысында екі ауылдың тұрғындары қабірге таласып, ақтық сапарға аттандыратын адамдарын жер қойнына бере алмай отыр. Іле ауданына қарасты Асқар Тоқпанов ауылының 10-15 шақты азаматы аяқ астынан жік шығарған. Олар қабірді қызғанып, өз беттерінше пәтуа бекітіп алған, деп хабарлайды Todayinfo порталының тілшісі. Кент әкімінің сөзінше, жер мемлекеттік акт бойынша 70 мың тұрғыны бар Боралдайға тиесілі. Алайда Асқар Тоқпанов ауылының ақсақалдары Боралдайдағы үш бейіттің барлығына қайтыс болған адамдарды жерлетпей отыр. Жайнақ пен Боралдай ауылы тұрғындары қайтыс болған жақындарын жандарында тұрған, ауыл іргесіндегі бейітке жерлей алмай келеді. Оған себеп, Асқар Тоқпанов ауылындағы бір топ адамдардың қисынсыз қарсылығы. Олар тек біздің ауылдың (руластар көп шоғырланған) адамдары ғана бұл қабірлерге қойылады деп қарсы шыққан.
«Боралдай кентіндегі зиратқа көрші ауылдың (Асқар Тоқпанов ауылы) шалдары қарсы шығып, тек сол ауылдағы (рудың) адамдары жерленеді деп отыр. Боралдай кенті, Есентай көшесі 28 мекенжайда тұратын Матмұратов Айбек деген азамат қайтыс болды. Сол кісіні ертең жерлейді, соған рұқсат бермей отыр. Айбек -  Іле ауданының медиа саласына зор еңбек еткен видеооператор, фотограф, 5 баласы бар, Өзбекстаннан көшіп келген мықты қазақ жігіт еді жарықтық», - деді Боралдай ауылының тұрғыны.
Қабірстан екі ауылдың арасында орналасқан. Құжат жүзінде Боралдайға қарайды. Аумағы 3,5 гектар. Сырты тормен қоршалған. Ауылдық округ әкімінің сөзінше, көрші ауылдың бірнеше тұрғыны қабірге тек өз ауылдарының адамдары жерленеді, басқа мәйіттерді қоюға жол жоқ деп талап қойған. Руларының да атын көлденең тартқан көрінеді. Алайда олардың талабының заңдық күші жоқ, тек жершілдік, өзімшілдік деңгейінен аспай тұр. Қайтыс болған азаматтарды жерлеу туралы заңға да тікелей қайшы. Керісінше, рулық, жікшілдікке заң қатаң тиым салады.
«Біздің ауылдың адамдары жиналып Боралдай әкімдігіне бардық. Тек Ақсар Тоқпанов ауылының тұрғындары ғана жерленді деген талап қойылды. Оны әкім біледі. Басқа жақтың адамдарын жерлеуге рұқсат жоқ. Ақсақалдар, адамдар  ең соңғы баратын жерін қорып отыр. 10-15 адам болдық әкімдікте. Бейіттің қоқысын жинап жүреді. Адамдар қоқыс тастап кетеді. Бұл шуға менің қатысым жоқ, ештеңе білмеймін, басқа жақта бейіт бар, Мичурин ауылыда жер бөлінген, соған қойсын. Басқа жақтың тұрғындары жерленсе шу болады», - деп басын ала қашты Мырзаш есімді түрғын.
Ал Боралдай окургінің әкімі дәл осы Мырзаштан рұқсат сұрағанмен, бес баланың әкесін бейітке қоюға мақұлдама ала алмаған. Бірақ ақсақал болса да, ауыл түрғыны болса да мәйіттің жерленуіне қарсы шығуға, «тек өзіміздің ауыл адамдары  жерленеді» деуге ешқандай заңдық түрғыдан құқықтары жоқ. Ал адами тұрғыдан мүлдем қисынсыз. Заңдық күші жоқ қағидаларымен қырсыққан шағын топтың кесірінен бүтін бір ауыл қиналып отыр.
 «Ол жер заңдық тұрғыдан Боралдайға қарайды, мемлекеттік акт шыққан. Алдағы уақытта ол бейбіт толық жабылады. Себебі, оның айналасында жүз шақты үй бар, соңғы оншақты жылда салынған, олар санитарлық аймаққа жақын болған соң баспаналарын заңдастыра алмай келеді. Бұл бейіттер жабылғанда санитарлық аумақ көлемі кішірейіп, тұрғындар құжаттарын алуға мүмкіндік болады. Ал қазір Асқар Тоқпанов ауылындағы адамдар Жайнақта қайтыс болған адамдарды жерлеуге рұқсат бермей келеді. Бірақ заңдық тұрғыдан ол жерлер Боралдайға қарайды», - деді Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің әкімі Данияр Төлеуханұлы.
Ал Іле ауданы әкімдігінің хабарлауынша, жалпы аудан тұрғындарына арналған арнайы бейіт ашылған. Бірақ ол тым алыста.
«Іле ауданының аумағында, оның ішінде А.Тоқпанов ауылында бос тұрған зираттар жоқ. Барлық зираттар жабық, толған. Ауданда тек Ақсай ауылында 80 гектар аумақта аудандық зират ашылған. Аталған зират аумағы мұсылман және христиан (православ) жерлеу учаскелеріне бөлінген», - делінген мәліметте.
Ал таласқа түскен бейіт әлі жабылған жоқ. Нақты қашан жабылатыны да белгісіз, бейіт толық толып, орын болмады дегеннің өзінде, айналасы алдымен бетон немесе кірпіш қоршаумен жабылу керек. Оған әлі бюджет қарастырылмаған. Бірақ Тоқпановтың тұрғындары болашақта баратын жерлеріне әлден орын белгілеп, өзгені жолатпауды жөн санап отыр. Фотоколлаж: baq.kz

Ұқсас материалдар

«Өзбекстаннан көшіп келген»: Алматы облысында ауыл ақсақалдары қабірді қызғанып, сырттан келген жігіттің мәйіттін жерлеуге қарсы шығып жатыр · Todayinfo