Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің қамауға алынуы оның алдағы спорттық жоспарына әсер етті. Бұл туралы спортшының менеджері Зия Әлиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Елеусінов жақын күндері АҚШ-тың Майами қаласына аттанып, келесі жекпе-жегіне дайындықты бастауы тиіс болған. Сонымен қатар боксшы тамыз айында Дана Уайттың Zuffa Boxing промоутерлік компаниясы ұйымдастыратын турнирде дебют жасауды жоспарлаған.

«Данияр жақын арада Майамиге барып, келесі жекпе-жегіне дайындықты бастауы керек еді. Алайда болған жағдай жоспарымызға өзгеріс енгізді. Zuffa Boxing-тегі дебюті бұған дейін де түрлі себептермен кейінге шегерілген болатын. Қазір ең бастысы – оқиғадан ешкімнің зардап шекпегені. Алдағы уақытта бұл жағдайды Даниярдың өзімен талқылаймыз. Соңғы кезде оның отбасындағы мәселелер де психологиялық жағдайына әсер етті. Біз оны қолдауды жалғастырамыз, өйткені мұндай қиын кезең кез келген адамның өмірінде болуы мүмкін», – деді Зия Әлиев.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Данияр Елеусіновтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін бұл деректі Алматы полициясы растады.