Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Отбасы банк пайызсыз ипотеканы іске қосады: Шариғат талаптары сақталады

Отбасы банк Қазақстанда шариғат талаптарына сай, пайызсыз жұмыс істейтін ислам ипотекасын енгізуді қарастырып жатыр. Жаңа бағдарламаның ерекшеліктері қандай?

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Отбасы банк пайызсыз ипотеканы іске қосады: Шариғат талаптары сақталады

"Отбасы банк" Қазақстанда пайыздық үстемеден бас тартатын азаматтар үшін шариғатқа сай ипотека енгізуді жоспарлап отыр. Бұл үшін заңнамаға өзгерістер әзірленіп, қазір мемлекеттік органдардың қарауына ұсынылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Ислам ипотекасының дәстүрлі несиеден басты айырмашылығы – мұнда пайыздық мөлшерлеме болмайды. Банк өз табысын баспананы сатып алушыға белгілі бір үстеме бағамен сату немесе оны жалға беру арқылы алады.

Яғни, қаржы институты клиентке тікелей ақша бермейді. Оның орнына клиент таңдаған үйді өзі сатып алып, содан кейін ғана оны сатып алушыға ұсынады. Бұл ретте төлем кешіктірілген жағдайда салынатын айыппұл банктің пайдасына емес, қайырымдылық қорларына аударылуы мүмкін.

Жаңа ипотекалық өнімнің бірнеше тетігі қарастырылып жатыр:
Мурабаха – банк үйді сатып алып, оның үстіне өз пайдасын қосып, клиентке бөліп төлеуге сатады.
Иджара – банк үйді клиентке жалға береді және келісімшарт соңында оны толықтай сатып алу құқығын ұсынады.
Мушарака мутанакиса – банк пен клиент баспананы бірлесіп сатып алады. Уақыт өте келе клиент банктің үлесін біртіндеп сатып алып, үйдің жалғыз иесі атанады.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж. Алайда олардың бір бөлігі діни наным-сеніміне байланысты пайыздық мөлшерлемесі бар ипотекалық өнімдерден бас тартады.

Осы мәселені шешу мақсатында "Отбасы банк" арнайы жұмыс тобын құрып, исламдық қаржыландыру өнімдерінің тұжырымдамасын әзірлеуде. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу үшін пәкістандық Meezan Bank Limited-пен әріптестік орнату көзделген.

Ұқсас материалдар