Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға ресми сапармен барды. Исламабад әуежайында мемлекет басшысын Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари мен Премьер-министр Шахбаз Шариф жеке өздері қарсы алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мәртебелі мейманның келу құрметіне салтанатты рәсім ұйымдастырылып, Құрмет қарауылы сап түзеді. Сонымен қатар мемлекет басшысына ең жоғары құрметтің белгісі ретінде зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды.
Әуежайда екі елдің туын ұстаған пәкістандық балалар жиналып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ыстық ықыластарын білдірді.
Сапар аясында ертең жоғары деңгейде келіссөздер өтеді. Кездесуде екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдары талқыланады деп жоспарланған.
Фото: Ақорда




