Todayinfo.kz
МәдениетБарлық жазбаларды қарау

Париждегі қазақ мәдениеті: Сыр өңірінің өнерпаздары концерт берді

Қызылорда облысының өнерпаздары Париж сахнасында қазақ мәдениеті мен дәстүрлі өнерін көрсетті.

Авторы Todayinfo редакциясы··2 мин оқу
Париждегі қазақ мәдениеті: Сыр өңірінің өнерпаздары концерт берді

Қазақстанның Франциядағы елшілігі, Қызылорда облысы әкімдігі және «Sumbe» компаниясының қолдауымен Париждегі атақты дипломатиялық залдардың бірі – Cercle de l’Union Interalliée ғимаратында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл мәдени шара Еуропадағы отандастар мен қандастардың басқосуы аясында мәдени байланысты нығайтуды және ұлттық өнер арқылы ұлт бірлігін дәріптеуді мақсат етті.

Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжым көрерменге халқымыздың төл өнерін, дәстүрлі музыкасын, күй мен бидің озық үлгілерін ұсынды. Кеш шымылдығы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, Қорқыт мұрасы, халық әндері мен Абай шығармалары орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Концертті Франциядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз, сондай-ақ Париж қаласының тұрғындары тамашалады.

Гастрольдік сапарға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған Сыр мәдениеті мен өнерінің насихатшылары, өнер ұжымдары мен әртістерінен құралған шығармашылық делегация барып қайтты. Концертте халық аспаптар ансамблі (көркемдік жетекшісі Нұрғиса Нұрбай), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе (домбыра), күйші Болат Күзембаев (домбыра), дәстүрлі орындаушылар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Бисенбек Төлеубаев, Жәнібек Жақсан, филармония солистері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Гаухар Бисекенова, Индира Баимбетова, Жалын Жүсіпов, Олжас Нұралиев, Назым Тілеулесова, Әлішер Шөжен, Арайлым Маханбетжанова және «Ai-Aru» заманауи би ансамблі өнер көрсетті.

Ғасырлар сырын сақтаған, Эйфель мұнарасы асқақтаған, Сена жағасында сан тағдыр мен сан өнер тоғысқан ғажайып шаһардың тұрғындары мен қонақтары ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап, ұлттық музыкамыз бен әлемдік классиканың танымал шығармаларын тыңдауға мүмкіндік алды. Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.

Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгесінің иегері Азиза Іздіқұлова.

Ұқсас материалдар