Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Педагогтер аттестациясы өзгереді: министрлік бұйрықтарды қайта қарап, артық талаптарды қысқартпақ

Оқу-ағарту министрлігі педагогтер аттестациясын қайта қарап, бұйрықтардағы қайшылықтарды жоюға кірісті. Авторлық бағдарлама талабы алынып тасталуы мүмкін.

Авторы Мұхтар Жексенбай··2 мин оқу
Педагогтер аттестациясы өзгереді: министрлік бұйрықтарды қайта қарап, артық талаптарды қысқартпақ

ҚР Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау қағидаларын және салада бұрыннан қолданылып келген бұйрықтарды қайта қарап, құқықтық құжаттарды толық зерделеуге кірісті. Негізгі мақсат – педагогтерге түсініксіз талаптарды азайтып, құжаттардағы өзара қайшылықтарды жою.

Бұл туралы Todayinfo порталы хабарлайды.

Министрліктің бастамасымен білім беру саласындағы құқықтық актілерге талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер енді.

Бұған дейін министр қабылдауына барған ұстаздар министрлік бекіткен кейбір бұйрықтардың бір-біріне «сыймайтынын», яғни талаптар мен нормаларда сәйкессіздік барын айтып, мәселе көтерген.

Қандай құжаттар қайта қаралады?

Жаңа жұмыс тобы осы уақытқа дейін қабылданған нормативтік құқықтық актілердің қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін тексеріп, бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстарын анықтайды.

Министрлік өкілдері бұл жұмысты педагогтік қауымдастықпен бірлесе жүргізіп, нормативтік базаны кешенді түрде заман талабына бейімдейтінін айтады. Талдау барысында цифрландыру талабы да барынша ескеріледі.

Сонымен қатар құжаттардың ашық әрі жариялы болуына басымдық беріледі. Педагогтер мен білім беру ұйымдарына артық әкімшілік жүктеме түсіретін талаптар оңтайландырылады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жұмыс тобын құрудағы басты мақсат – кері байланысты күшейту және ұсыныстарды ашық талқылау. Министрлік он негізгі бағыт бойынша талдау жүргізіп, нәтижесінде нақты ұсыныстар пакетін әзірлейді.

Министрдің мәлімдеуінше, талдау қорытындылары бойынша ұсыныстар келесі жылдың ақпан айында әр бағыт бойынша бөлек талқыланбақ.

Аттестаттаудағы «авторлық бағдарлама» талабы алынып тасталуы мүмкін

Жиында жұмыс тобының мүшелері педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидаларын қайта қарау мәселесін де көтерді. Бұған дейін министрлікке келіп түскен ұсыныстардың басым бөлігі аттестация кезінде педагогтерден авторлық бағдарламалар әзірлеуді талап етпеу туралы болған.

Қазір «педагог-шебер» біліктілік санатына қойылатын талаптардың бірі – республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеу және тәжірибеге енгізу. Бұл бағыттағы сараптаманы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Сараптамалық кеңес жүргізеді.

Министрлік келтірген дерекке сүйенсек, 2025 жылы Республикалық сараптамалық кеңес 875 материалды қарастырған: 303 авторлық бағдарлама мақұлданса, 572 бағдарлама қайта пысықтауға жіберілген. Яғни ұсынылған жұмыстардың шамамен әр екіншісі толықтыруды қажет еткен.

Министр авторлық бағдарламалардың көбі мазмұндық және техникалық талаптарға сай келмейтінін, ал бұл талаптың өзі педагогтердің уақытын тиімсіз жұмсауға және формализмнің күшеюіне әкелгенін атап өтті.

Мақұлданған бағдарламалардың тізімі Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланғанымен, олардың білім беру ұйымдарында кең қолданысқа енбей отырғаны да айтылды.

«Аттестация кезіндегі талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуы керек. Бұл педагогтердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға және кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді министр жұмыс тобы мүшелеріне.

Министрлік жоспарына сәйкес, алдағы уақытта «педагог-шебер» санатына қойылатын талаптар қатарынан авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабын алып тастап, оның орнына педагогтің кәсіби құзыреттілігін әділ әрі нақты бағалайтын баламалы құралдар енгізу қарастырылады. Мақсат – оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыруға шынайы ықпал ететін бағалау тетіктерін қалыптастыру.

Ұқсас материалдар

Педагогтер аттестациясы өзгереді: министрлік бұйрықтарды қайта қарап, артық талаптарды қысқартпақ · Todayinfo