Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен талқыланып жатқан төбелес оқиғасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таралып жатқан жағдайға байланысты мынаны атап өткім келеді. Мен, мемлекеттік қызметкер ретінде, өз міндеттерімді атқару барысында мемлекеттік қызмет этикасының нормаларын қатаң сақтаймын. Бала кезден бапкерлерім маған рингтен тыс күш қолдануға болмайтынын үйретті. Мен өз мүмкіндіктерімді жақсы бағалаймын және әрбір әрекетімнің жауапкершілігін толық сезінемін. Сондықтан ешқандай провокацияға берілмеймін. Меніңше, мәселе толық қаралып, жабылды», - деп жазды ол.
Бұған дейін Серік Сәпиев пен оның орынбасары , самбошы Дәурен Есімханов тың жанжалына қатысты видео тараған. Төбелес фактісін полиция растады. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, 42 жастағы Қарағанды тұрғынының арызы бойынша дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Фото: gov.kz



