Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленский жақын уақытта кездесуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Анкарада өткен НАТО саммиті аясындағы келіссөздерден кейін Зеленскиймен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

"Менің ойымша, әрі үміттенемін, бұл жақын арада болады", – деді Трамп.

АҚШ президенті сондай-ақ соңғы бірнеше аптада Украинадағы қақтығысты реттеу бағытында "жақсы ілгерілеу" бар екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеу де, Киев те соғыстың аяқталуына мүдделі.

Бұдан бөлек, Трамп Ресейдің әскери әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, 9 шілде күні Путинмен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Ресей мен АҚШ президенттерінің бұған дейінгі телефон әңгімесі 4 шілдеде америкалық тараптың бастамасымен өткен. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, қос ел басшылары екіжақты және халықаралық күн тәртібін, соның ішінде Түркиядағы НАТО саммиті қарсаңында Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесін талқылаған.