Todayinfo.kz
Руханият

"Қайғы мен қасіретті қалай көтеріп жүргеніңді өзіңнен басқа ешкім білмеді" – Берік Жүсіпов Асанәлі Әшімов туралы

Өнер иесі өз жазбасында Асанәлі ағамыздың өмір жолындағы ауыр да мәнді сәттерін, өнер алдындағы адалдығы мен ұлт алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. Ол аңыз актердің ел жүрегіндегі орнын, оның даңқты тұлға ғана емес, тағдыр сал

Авторы Мерей Сардарбаев··1 мин оқу
"Қайғы мен қасіретті қалай көтеріп жүргеніңді өзіңнен басқа ешкім білмеді" – Берік Жүсіпов Асанәлі Әшімов туралы

Өнер иесі өз жазбасында Асанәлі ағамыздың өмір жолындағы ауыр да мәнді сәттерін, өнер алдындағы адалдығы мен ұлт алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.

Ол аңыз актердің ел жүрегіндегі орнын, оның даңқты тұлға ғана емес, тағдыр салған сынақтарды үнсіз көтере білген қайсар жан болғанын тебірене жазды.

"Жалғанның жүзіне шыр етіп, жылап келген күнің есіңде болуы неғайбыл. Есесіне, жалпақ жұртты жылатып, қайрылмас сапарға кетіп бара жатқан сәтің еліңнің есінде мәңгі қалуы бек мүмкін. Адам-пендең мұны да өз көзімен көре алмайды екен. Өзі ғана іңгәлап, жылап келген әлемнен өзгенің өзегін өртеп, жылатып қайту бақыты бұйыратын ерек жандар болады. Бәлкім қаймананың «бақыт» деп жүргені осы шығар? Сен де сондай, өнерден бақ бұйырған ерекше ұл едің, аға. Бірақ сол «бақ» пен «бақыт» деген сағымның қалқасына ілісіп, өмір жолыңда қосақтасып, қатар жүріп отырған қайғы мен қасіретті сенің қалай көтеріп жүргеніңді өзіңнен басқа ешкім білмеді. Ондайды білу мүмкін емес, оның жайын ұғу қарапайым пенденің пешенесіне бұйырмаған. Қара мұлғын түнде, түсіңде көзің ілініп кеткені сияқты, сенің де ештеңе білмеуің әбден мүмкін. Тек «бір күні ұйықтап кеттің де, ақыры, міне, оянбай қалдың». Оның да жайын толық білмейміз, біздің бар білетініміз — сол ғана. Жаныңа жақын тұтқан жандардың бір-бірімен жарысып, жарық жалғанды тастап, қара түнекке қарай асығыс адымдап бара жатқанын көріп отырып, айла-амал жасай алмаудан артық қасірет жоқ екен-ау өзі. Бәлкім, жұрттың бәрі сабылып іздейтін, бірақ таба алмай, аласұратын жан тыныштығы дегенің тек сол жерде шығар? Көп кешікпей мәңгілік «әлди» әнің айтылады. Амал қанша. Ол қасіретті һәм қасиетті әуенді бір қолымен жер бесігіңді тербеп, бір қолымен аш бүйірін таянып, күңіреніп отырып, періште пейіл пендесін риясыз сүйген күллі жұртыңды күңірентіп жер-анаң айтады, аға. Ал біз болсақ тек жанарымызды көз жасына шылап жүріп, егіліп тұрып тыңдаймыз. Қалса, құлақтың түбінде жүректің қылын шертіп, қара жердің күре тамырын солқылдатып, сенің күңіренген, аспан мен жердің арасын күңіренткен қоңыр даусың сияқты, соның әлдиқоңыр әуені ғана қалады. Қалмаса, ол да жоқ. Әлди, асыл аға, әлди, қазақтың маңдайындағы аңыз бейнелі абыз Асанәлісі, әлди!", - деп жазды ол.

Қазақтың абызы, ұлт руханиятының жарқын шырағы болған Асанәлі Әшімовтің есімі халық жадында мәңгі сақталатыны анық.

Ұқсас материалдар