Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Қайрат Боранбаевтың серігіне қатысты жаңа дерек: 6 млрд теңгені жымқырған

Қайрат Боранбаевтың серігі Тарык Волкан Оскай Черногориядан елге жеткізілді. Оған 6 млрд теңге жымқырды деген айып тағылып отыр.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Қайрат Боранбаевтың серігіне қатысты жаңа дерек: 6 млрд теңгені жымқырған

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың іскерлік серіктесі Тарык Волкан Оскай 6 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол Алматыда тұрғын үй кешенін салуға бөлінген аса ірі көлемдегі ақшаны жымқырды деп айыпталып отыр. Былтыр маусым айында оны Черногорияда Интерпол желісі арқылы ұстаған болатын. Сол кезде Ішкі істер министрлігі оның аты-жөнін жарияламай, тек қызмет бабын пайдаланып, 5 миллиард теңгеден астам сомаға алаяқтық жасады деп іздеуде жүрген шетелдіктің ұсталғанын хабарлаған. Күдіктінің Тарык Волкан Оскай екенін ведомство тек тамыз айында растады.

Оскай Қайрат Боранбаевпен бірге "Роял Комфорт Астана" компаниясына иелік еткен. Бұл компания мемлекет меншігіне өткенге дейін Астанадағы Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін басқарған. Сондай-ақ ол Боранбаевқа қатысы бар Almaly Assets Management компаниясында да жұмыс істеген.

Оның есімі NEF Qazaqstan компаниясына қатысты даудан кейін жұртшылыққа кеңінен танылды. 2023 жылы аталған компания Астана халықаралық биржасы (AIX) тарихында тұңғыш рет 4 миллиард теңгеден астам сомаға облигацияларын өтемей, дефолтқа ұшыраған еді. 2024 жылы сот компанияны инвесторлармен есеп айырысуға міндеттегенімен, қарыздың едәуір бөлігі – шамамен бір жарым миллиард теңге, сондай-ақ пайыздар мен сот шығындары өтелмеген күйі қалды.

Жақында Тарык Волкан Оскай Черногориядан Қазақстанға жеткізілді. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Қайрат Боранбаевтың серігіне қатысты жаңа дерек: 6 млрд теңгені жымқырған · Todayinfo