Қазақ ғылымының көрнекті өкілі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Қайнекейқызы Жармағамбетова 2024 жылдың маусым айының соңында дүниеден озды. Бұл қаралы хабарды ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады,деп хабарлайды Todayinfo.
«Ол — біртуар ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұрпағы, еліміздің ғылыми ортасында зор құрметке ие болған тұлға еді. Әлима Жармағамбетова ұзақ жылдар бойы Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтында қызмет етіп, инженерден зертхана меңгерушісіне дейінгі жолды жүріп өтті. Ол ғылымға деген шынайы адалдығымен танылды», – деп жазды министр.
Ғалым магистранттар мен докторанттарға «Кинетика және катализ», «Экологиялық катализ», «Мұнай химиясы», «Полимермен тұрақтандырылған наноқұрылымды катализаторлар» пәндері бойынша дәріс оқыған. 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы атанған Әлима Қайнекейқызының мақалалары жоғары рейтингті халықаралық ғылыми журналдарда жарияланды.
Ол Германия, Франция, Италия, Финляндия, Мажарстан, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, қазақ ғылымының атын әлемге танытты.
«Қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әлима Жармағамбетованың жарқын бейнесі ел жадында сақталады. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне және барша ғылыми қауымға қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын», – деп түйіндеді Саясат Нұрбек.




