Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 50 жолаушысы бар вахталық автобус аударылып, зардап шеккендердің бір бөлігі ауруханаға Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен жеткізілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде болған. Жол апаты туралы хабар түскеннен кейін ТЖМ құтқарушылары дереу оқиға орнына жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен.
ТЖМ-ге қарасты "Қазавиақұтқару" әуе кемесінің көмегімен жағдайы ауыр үш адам Қарағанды қаласындағы медицина мекемелеріне жеткізілді. Бұдан бөлек, жедел жәрдем және Апаттар медицинасы орталығы дәрігерлерінің сүйемелдеуімен 30 адам вахталық көлікпен Ботақара кентіндегі ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ бөлімшелері, "Матак" ТЖҚП, Апаттар медицинасы орталығы, "Қазавиақұтқару" мекемесі, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары мен полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды өз бақылауына алғанын мәлімдеді.
Фото: Әлеуметтік желіден




