Todayinfo.kz
Қарағанды облысы

Қарағандыда волонтерлер форумының жабылу салтанатына 6 мыңға жуық жас қатысты

2026 жылғы 13 наурызда Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Халықаралық волонтерлер жылына арналған волонтерлер форумының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Ауқымды іс-шараға Қарағанды облысынан 6 мыңға жуық адам жиналды. Олард

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
Қарағандыда волонтерлер форумының жабылу салтанатына 6 мыңға жуық жас қатысты

2026 жылғы 13 наурызда Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Халықаралық волонтерлер жылына арналған волонтерлер форумының салтанатты жабылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ауқымды іс-шараға Қарағанды облысынан 6 мыңға жуық адам жиналды. Олардың қатарында волонтерлік ұйымдардың өкілдері, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері және түрлі әлеуметтік жобалардың бастамашылары болды.

Форум еріктілер қозғалысының қоғамдағы рөлін талқылауға, тәжірибе алмасуға және жаңа бастамаларды ұсынуға арналған маңызды диалог алаңына айналды. Шара барысында жастар азаматтық белсенділіктің маңызына тоқталып, қоғам дамуына үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Іс-шараға қатысқан Қарағанды облысының жастары Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан негізгі қағидаттарды қолдайтынын білдірді. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, отбасы институтын нығайту, әлеуметтік бастамаларды қолдау, жеке меншік құқығын қорғау және жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар кең қолдау тапты.

Сонымен қатар спикерлер жаңа Конституцияда қоғам өмірінің маңызды бөлігі ретінде волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

Форум қатысушыларының айтуынша, бүгінде волонтерлік қызмет тек қайырымдылық акцияларымен шектелмейді. Бұл – ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын, белсенді әрі саналы азаматтардың жаңа буынын қалыптастыратын азаматтық мектеп.

Сондықтан қарағандылық жастар алдағы референдумды мемлекеттің дамуындағы маңызды қадам ретінде қарастыратынын айтты. Шараға қатысушылардың пікірінше, өз ұстанымын білдіріп, елдің Ата Заңын қабылдау үдерісіне қатысу – Қазақстанның болашағына ықпал етудің маңызды мүмкіндігі.

Салтанатты рәсім қазақстандық танымал орындаушылар Айқын мен BAYANSULU қатысқан мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.

Шара соңында өңірдің белсенді жастары азаматтық жауапкершілік танытып, жалпыхалықтық референдумға қатысатынын жеткізді. Олардың айтуынша, ел болашағы бүгін қалыптасады, сондықтан әрбір азаматтың дауысы маңызды.

Ұқсас материалдар