Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Мемлекет басшылары екіжақты күн тәртібіндегі кең көлемді мәселелерді талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің Қазақстанға жасайтын сапарының мазмұнына ерекше мән бергенін атап өтті. Ол Ресей халқын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады.
«Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізбен Мәскеуде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл – «көзіміз жасқа толып» қарсы алатын мереке. Өйткені адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста опат болған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Кеңес өкіметі Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан алпауыт ел болып шықты. Біріккен Ұлттар ұйымын құрушылардың біріне айналды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлерімізді ардақ тұтамыз. Қазақстанда соғысқа қатысқан көзі тірі 57 майдангер қалды», — деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің жан-жақты ықпалдастығы жыл өткен сайын артып, барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
«Елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айының соңына жоспарланған мемлекеттік сапарыңызға қызу дайындалып жатырмыз. Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша, Ресей – қазақ экономикасының ең басты инвесторларының бірі. Сауда-саттық та табысты дамып келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл тауар айналымы 30 миллиард доллар межесінен асып түседі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сондай-ақ екі елдің білім беру саласындағы гуманитарлық байланыстарына ерекше тоқталды. «Сириус» мектептері Астана, Алматы және басқа да қалаларда ашылып, жұмыс істей бастағанын айтты. Туризм де өте маңызды бағыт екенін, былтыр Қазақстанға саяхаттап келген туристер саны жағынан Ресей бірінші орынға шыққанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы алдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті саммиті табысты өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары саяси және тарихи тұрғыдан маңызды оқиға болатынына назар аударды.




