Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансари апталық брифингте Ормуз бұғазын саяси айла-шарғы құралы ретінде пайдалануға болмайтынын айтты. Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздердің тоқырауы аясында жасалды.
Әл-Ансаридің сөзінше, халықаралық теңіз жолдарын саяси мақсатта пайдалану әлемдік экономика мен қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Ол Ормуз бұғазының еркін жүзу құқығы сақталуы керектігін атап өтті.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің барысына тоқталған өкіл, Катардың аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін дипломатиялық күш-жігерін жалғастыратынын жеткізді. Бұған дейін де Катар Иран мен АҚШ арасындағы делдалдық рөлін атқарған болатын.




