Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Қазақ халқының құрметі»: Тоқаев Вучичке «Алтын Қыран» орденін берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Сербия президенті Александр Вучичті «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
«Қазақ халқының құрметі»: Тоқаев Вучичке «Алтын Қыран» орденін берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич Астанада БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Кездесу барысында Тоқаев серб көшбасшысын Қазақстанның ең жоғары наградасымен марапаттады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичке және оның делегация мүшелеріне Астанаға ресми сапармен келуге шақыруды қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді. Ол Сербияның Қазақстан үшін Балқан аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.

«Біздің ынтымақтастығымыз достыққа, өзара қолдауға және ортақ мүдделерге негізделген. Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде Қазақстан мен Сербия барлық деңгейде сенімді саяси диалог құрды», - деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасында үкіметаралық және парламентаралық байланыстар нығайып, экономика, сауда және инвестиция салаларындағы ықпалдастық тұрақты түрде артып келеді. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстар мен халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестік тереңдей түскен.

Қасым-Жомарт Тоқаев серб көшбасшысының екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтіп, оның күш-жігерін елімізде жоғары бағалайтынын жеткізді.

«Бүгін мен Александр Вучич мырзаға Қазақстан Республикасының ең жоғары наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыс еттім. Бұл – қазақ халқының Сізге және бүкіл Сербия халқына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі. Достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да нығая беретініне сенімдімін», - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

«Қазақ халқының құрметі»: Тоқаев Вучичке «Алтын Қыран» орденін берді · Todayinfo