Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қазақ тіліне енгізіліп жатқан жаңа терминдер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, заманауи ғылым мен инновацияны қазақ тілінде сөйлетуге бағытталған «Сөзжасам» пилоттық жобасы өз жұмысын қорытындылаған. Үш ай ішінде өндіріс саласында әлі күнге дейін қазақша баламасы жоқ немесе дұрыс аударылмаған 200-ге жуық термин зерттеліп, соның 75-іне қазақ тіліндегі нақты балама ұсынылған.
Жаңа терминдер ғылыми сараптамадан өтіп, ресми қолданысқа енгізу үшін Республикалық терминология комиссиясына жолданбақ.
Әлібек Әлденей Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан пікірін де еске салды. Президент: «Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді жолы – ағартушылық», – деп атап өткен болатын.
«Сөзжасам» жобасы осы бағыттағы нақты әрі жүйелі қадам саналады.
Жобаның басты мақсаты – әртүрлі салада баламасы тапшы терминдерге дәл әрі сауатты қазақша атау беру, оларды жүйелеу және тілдің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттыру.
Салыстырмалы дерек ретінде айтсақ, өткен жылы ғана Cambridge сөздігіне 3 мыңнан астам жаңа сөзенгізілген. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында ағылшын тілі жаһандық деңгейде өз үстемдігін сақтап отыр. Ал сөздік қоры 2,5 миллионнан асатын қазақ тілі әлемде ең көп қолданылатын тілдер рейтингінде 71-орында тұр. Мамандардың пікірінше, тілдік қорды заманауи ғылыми-техникалық терминдермен толықтыру оның әлеуетін едәуір арттырады.
Осы мақсатта сарапшылар тобы өңірдегі ірі зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, өндірісте күнделікті қолданылатын терминдердің қазақша нұсқаларын зерделеген.
Жоба аясындағы еңбегі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті сараптамалық топ мүшелерін «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапаттады.
Айта кетейік, бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Алдағы уақытта тау-кен, металлургия, құрылыс, көлік, медицина, биотехнология сияқты көптеген саладағы жүздеген терминге сапалы қазақша балама табу жоспарланып отыр. Бұл қадам қазақ тілінің ғылыми-техникалық кеңістікте кеңінен қолданылуына жол ашады.




