Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға сапары аясында екі ел қарым-қатынасын жаңа стратегиялық деңгейге көтеру туралы маңызды декларацияға қол қойылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Исламабадта Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізіп, өзіне және қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдірді. Тоқаев отыз жылдан астам уақыт ішінде Астана мен Исламабад арасында берік саяси диалог орнап, түрлі саладағы ынтымақтастық тұрақты түрде нығайып келе жатқанын атап өтті.
"Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті жағынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия және Таяу Шығыс тоғысқан жерде тиімді орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға жетуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол қойылған Бірлескен декларация екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады. Бұл құжат екі елдің барлық бағытта ықпалдастықты кеңейтуге деген ұмтылысын білдіреді.
Өз кезегінде Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістанның өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Мемлекет басшысы сапар қорытындысы қос халықтың өркендеуі жолындағы серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Фото: Әлеуметтік желіден




