Қазақстан және жаһандық саясат: 2025 жылдың қорытындысы
Фото: ЖИ Халықаралық қатынастар жүйесінің басты ережелері әлсіреп, күштер балансы қайта қалыптасуда. Осындай жаһандық турбуленттілік кезеңде Орталық Азия аймағы елдері салыстырмалы түрде тұрақты әрі конструктивті аймақ ретінде қалыптасып отыр. Әсіресе елміз үшін 2025 жыл сыртқы с

Фото: ЖИ
Халықаралық қатынастар жүйесінің басты ережелері әлсіреп, күштер балансы қайта қалыптасуда. Осындай жаһандық турбуленттілік кезеңде Орталық Азия аймағы елдері салыстырмалы түрде тұрақты әрі конструктивті аймақ ретінде қалыптасып отыр. Әсіресе елміз үшін 2025 жыл сыртқы саясатта бейімделу емес, керісінше бастамаларын тиімді іске асыру, дипломатиялық салмақты арттыру және орта держава ретіндегі рөлін нақтылау кезеңі болды. Мақаламызда, биылғы жыл жаһандық саясатта еліміздің бастамалары мен ықпалын талдап көрелік. Сыртқы саясатымыздың негізгі басымдықтары
Қазақстанның 2025 жылы сыртқы саясатын, өзара тығыз байланысты үш басымдыққа сүйенді десек болады. Біріншіден, стратегиялық бейтараптық пен көпвекторлы дипломатияны сақтау, екіншіден логистика мен транзиттік әлеуетті геосаяси әлеуеттік капиталға айналдыра алу және үшінші жаһандық институттар аясында белсенді көпжақты саясат жүргізуде белсенділік таныту. Аталмыш үш бағыт еліміздің сыртқы саяси құндылықтар жүйесін қалыптастырып, Қазақстанның өзгермелі әлемдік тәртіптегі орны мен мүмкіндіктерін айқындады. Енді, рет-ретімен баяндайық.
Еліміз, тәуелсіздік алған сәттен бастап көпвекторлы сыртқы саясатты негізгі стратегиялық доктринасы ретінде ұстанып келеді. Бұл тәсіл бір орталыққа тәуелді болмауға, ірі державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және ұлттық мүддені қорғауға бағытталған стратегия. 2025 жылы бұл қағида формалды ұстаным емес, нақты саяси тәжірибе ретінде көрініс тапты. Қазақстан түрлі идеологиялық блоктарға қосылудан бас тартып, прагматикалық бейтараптықты, икемді серіктестікті және өңірлік ынтымақтастықты басты орынға қойды. Бұл тұрғыда C5+1 форматындағы Орталық Азия елдерінің өзара үйлесімді әрекеті ерекше маңызға ие. Мысалы Астанада өткен C5+1 форматында өткен «Орталық Азия+ Қытай» саммиті 2025 жылдың басты дипломатиялық оқиғасына айналып, Қазақстанның өңірлік күн тәртібін қалыптастырудағы жетекші рөлін айқын көрсетті. Бұл формат Орталық Азияның енді тек геосаяси «кеңістік» емес, ұжымдық субъект ретінде әрекет ете алатынын дәлелдей алды.
Бұл тұрғыда, елдің саяси бағытынан бөлек, Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың саяси көрегінділігі мен кәсіби дипломатиялық шеберлігін атап өтуіміз керек. Мысалы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 шетелдік сапар жасап, шамамен 70 миллиард АҚШ долларын құрайтын келісімдерге қол қойған, әлемдік көшбасшылармен 186 екіжақты және көпжақты кездесу өткізген. Қазақстанға Қытай, Италия, Түркия, Жапония және өзге де 30-дан астам мемлекеттің ресми делегациялары келді. Бұл көрсеткіштер тек сан емес, Қазақстан дипломатиясының бағыты мен сапалық өсуінің индикаторы. Астана барған сайын ірі державалар үшін «аралық аймақ» емес, дербес мүддесі бар, келіссөз жүргізе алатын серіктес ретінде қабылдана бастады.
Логистика, көлік дәліздері және «құбыр дипломатиясы»
2025 жылы елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылды. Автомобиль жолдары инфрақұрылымын жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 13 мың шақырымды құрайтын жолдарды жөндеу және салу жұмыстары басталды, сонымен қатар 1,9 мың шақырым жаңа автожол жобалары іске асырылуда. Олардың қатарында «Орталық – Батыс» автомагистралі, Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын және Атырау – Доссор бағыттары бар.Президенттің тапсырмасына сәйкес Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі елді мекендерінде үш жаңа әуежайдың құрылысы қолға алынып, Арқалық қаласындағы әуежайды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл ішінде әуе тасымалы нарығына жаңа авиакомпаниялар шығып, 35-тен астам жаңа бағыт ашылды, оның ішінде Шанхай, Гуанчжоу және Мюнхен қалаларына тікелей әуе рейстері іске қосылды. Сонымен қатар ел аумағында негізгі теміржол магистральдарын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасып, республика бойынша 124 теміржол вокзалы кезең-кезеңімен модернизациялануда.
2025 жылғы сыртқы саясаттың екінші маңызды өлшемі – логистика, көлік дәліздері және «құбыр дипломатиясы» болды. Теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет ретінде Қазақстан үшін транзиттік әлеует экономикалық құралмен қатар геосаяси тетікке айналған. Көршілермен берік байланыс орнату, бағыттарды әртараптандыру және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты болды. Биыл, Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзербайжан бағытымен Еуропаға шығатын маршруттарды белсенді дамытып, оңтүстік бағытта Түрікменстан мен Ауғанстан арқылы өтетін перспективаларды дамыта түсті. Ең маңыздысы – тарихта алғаш рет қазақстандық мұнайдың бір бөлігі шығысқа, Қытай нарығына тасымалданды. Бұл қадам біздіңше экспорттық тәуелділікті азайтып, сыртқы саясаттағы маневр мүмкіндігін кеңейтті.
Бүгінде, еліміз арқылы 11-ден астам халықаралық сауда және энергетикалық бағыттармен байланыс орнатқан транзиттік хабқа айналды. Каспий Құбыр Консорциумы инфрақұрылымына қатысты тәуекелдер балама маршруттарды іздеуді жеделдетіп, логистиканы сыртқы саясаттың ажырамас бөлігіне айналдырды. Экономика мен геосаясат түйіскен тұста Қазақстан өзінің кең аумағы мен орналасу артықшылығын тиімді пайдалана білді.
Көпжақты дипломатия және Орта держава ретіндегі бастамаларымыз
Сыртқы саясаттың үшінші тірегі – Қазақстанның жаһандық институттардағы белсенділігі және орта держава ретіндегі өзіндік ұстанымы. 2025 жылдың маусымында Астанада өткен Astana International Financial Forum жаһандық қаржы, даму және басқару мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Форум әлемдік шешім қабылдаушыларды, ықпалды саясаткерлер мен сарапшыларды біріктіріп, Қазақстанды халықаралық пікір алмасу орталығы ретінде танытты. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ реформасы, климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі және ядролық отын цикліне қатысты бірқатар бастамалар көтеріп, тек қатысушы емес, күн тәртібін ұсынушы мемлекет ретінде көрінді. Жалпы алғанда, 2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығу кезеңі болды. Жаһандық жүйе тұрақсыздыққа бет алған сәтте Қазақстан стратегиялық бейтараптықты сақтай отырып, өңірлік ықпалдастықты күшейтті, логистикалық әлеуетін геосаяси артықшылыққа айналдырды және халықаралық аренада орта державаға тән жауапты әрі бастамашыл рөлін нығайтты. Бұл тәжірибе Қазақстанның алдағы кезеңде де өзгермелі әлемдік тәртіпке бейімделіп қана қоймай, оны қалыптастыруға белгілі бір дәрежеде ықпал ете алатынын көрсетеді.
Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, 2026 жылғы сыртқы саясаттың негізгі басымдықтары ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікті нығайту, экономикалық дипломатияның рөлін арттыру болмақ. 2026 жылы экономикалық дипломатияны тереңдету, сауда-инвестициялық байланыстарды әртараптандыру және сыртқы саяси бастамаларды проактивті түрде ілгерілету еліміздің орта держава ретіндегі позициясын институционалдық тұрғыдан нығайтуды көздеп отыр. 2025 жыл еліміздің сыртқы саясаты үшін бейімделу кезеңінен стратегиялық орнығу кезеңіне өтуімен ерекшеленді. Жаһандық саяси жүйе белгісіздік пен тұрақсыздық жағдайына енген тұста Қазақстан көпвекторлы дипломатияны сақтай отырып, аймақтық жауапкершілігі жоғары әрі болжамды мемлекет ретінде көрінді. Стратегиялық бейтараптық, транзиттік-логистикалық әлеуетті геосаяси капиталға айналдыру және көпжақты халықаралық институттардағы белсенділік елдің халықаралық салмағын айқын арттырды.
Ұқсас материалдар

Өзгекті жазбалар
Прокуратура Ақбаян Мұқанғалиеваға жүргізілген психиатриялық сараптаманың қорытындысын жариялады
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Ыстық бұлақтың басына көмген: Шонжыда 29 жастағы жігітті өлтіріп кетті
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Шайдоровтың шырылы : министрлік жалақысыз қалған чемпион жайлы шындықты мойындады (ВИДЕО)
Айдар Керім·

Өзгекті жазбалар
Шырқыраған Шайдоров: Олимпиада чемпионы жарты жылдай жалақы алмаған
Айдар Керім·