Қазақстанда 10 қабаттан биік жаңадан салынған тұрғын үй кешендерін пайдалануға беру тәртібі өзгерді. Енді құрылыс компаниялары нысанды тапсырар алдында Төтенше жағдайлар министрлігінен арнайы қорытынды алуға міндеттелді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл өзгеріс «Азаматтық қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулерден кейін күшіне енді. Жаңа ережеге сәйкес, биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар өрт қауіпсіздігі бойынша толық техникалық тексерістен өтуі тиіс.
Бұрын бұл процедура жеңілдетілген тәртіппен жүргізілетін. Енді ТЖМ-нің аумақтық департаменттері әрбір биік ғимаратты жеке-жеке барып, орнында тексереді. Бұл шара ықтимал өрт қаупінің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
Құрылыс салушылар тексерістен өту туралы қорытындыны алу үшін өтінімді «Е-лицензиялау» порталы арқылы онлайн түрде бере алады. Тексеріс нәтижесі оң болған жағдайда ғана нысанды пайдалануға рұқсат етіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден




