2025 жылы Қазақстанда жаңа туған балалар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 8–10%-ға азайып, шамамен 335 мың баланы құрады – бұл соңғы 11 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Сарапшы Нуржамал Иминованың айтуынша, кеш ана болу тренді күшейіп келеді. 2025 жылы аналардың орташа жасы 29,9 жаст
2025 жылы Қазақстанда жаңа туған балалар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 8–10%-ға азайып, шамамен 335 мың баланы құрады – бұл соңғы 11 жылдағы ең төмен көрсеткіш.
Сарапшы Нуржамал Иминованың айтуынша, кеш ана болу тренді күшейіп келеді. 2025 жылы аналардың орташа жасы 29,9 жасты, ал бірінші баланы туу кезіндегі жас – 25,3 жасты құрады.
«Бұл – әлемдік үрдіс: әйелдер барған сайын білімге, мансапқа және қаржылық тұрақтылыққа басымдық беріп, бала туу уақытын кейінге қалдырады», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бала туу туралы шешім тек экономикалық факторларға ғана байланысты емес. Белгісіздік, жұмысынан айырылып қалу қорқынышы және мансап пен аналықты қатар алып жүрудегі қиындықтар да маңызды рөл атқарады.
Қосымша факторлардың бірі – урбанизация. Қалалық халықтың үлесі 2013 жылғы 54,9%-дан 2023 жылы 62,2%-ға дейін, ал мегаполистерде 20,3%-дан 24,4%-ға дейін өсті. Бұл, әдетте, отбасы көлемінің азаюымен және бала тууды кейінге қалдырумен қатар жүреді.
Динамикаға демографиялық құрылым да әсер етеді: бала туу жасына 1990-жылдары туған буын келіп жатыр, ол кезеңде туу деңгейі төмен болған.
Иминова сондай-ақ жұмыс пен аналықты үйлестіру мүмкіндіктерінің жеткіліксіздігін атап өтеді. Икемді жұмыс кестесі, қашықтан жұмыс істеу және декреттен кейін жұмысқа оралу бағдарламалары әзірге көбіне ірі компанияларда ғана бар. Өзін-өзі жұмыспен қамту сегментінде икемділік жоғары болғанымен, табыстың тұрақсыздығы отбасыны кеңейтуге кедергі келтіреді.
Сонымен қатар отбасылық міндеттердің тең бөлінбеуі сақталып отыр: балаларды тәрбиелеуге ерлердің қатысуы әлі де шектеулі, бұл әйелдерге түсетін жүктемені арттырып, олардың бала туу туралы шешіміне әсер етеді.
Қосымша фактор – ажырасулар санының өсуі: егер 2000-жылдардың басында үш некеге бір ажырасу келсе, соңғы жылдары екі некеге бір ажырасудан келеді.
«Қазақстандағы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау жүйесі Орталық Азиядағы ең дамыған жүйелердің бірі болып саналады. Алайда туу деңгейін арттыруға бағытталған тәсіл кешенді болуы тиіс.
Бұл тек қаржылық шаралар туралы емес, мысалы, Оңтүстік Кореяда мемлекет отбасыларға 40 000 долларға дейін, ал жұмыс берушілер қосымша 7 000-нан 70 000 долларға дейін төлем жасайды, сонымен қатар қолдаушы инфрақұрылымды дамыту және отбасы ішіндегі рөлдерді өзгерту туралы да мәселе», – деп түсіндіреді Иминова.
Мұндай инфрақұрылымға қолжетімді әрі сапалы балабақшалар, білім беру, медициналық қызметтер, сондай-ақ жұмыс істейтін ата-аналарға арналған икемді еңбек шарттары жатады.
Сонымен қатар әлеуметтік көзқарастармен жұмыс істеу де маңызды бағыт болып қала береді. Атап айтқанда, бала күтімі көбіне «әйелдің міндеті» деген стереотиптер, жалғызбасты аналарға қатысты теріс көзқарас, сондай-ақ «ерлерге» және «әйелдерге» арналған мамандықтар туралы түсініктер сақталған.
Жас аналарды сенімсіз қызметкер ретінде қабылдау да кең таралған, ал балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау көбіне тек мемлекет міндеті ретінде қарастырылады. Бұл жалпы алғанда отбасылардың бала сүюге дайындығын шектейді.
Фото: egemen.kz