Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Қазақстанның үздік 20 стартабы анықталды: бас жүлде – 10 миллион теңге

Astana Hub ұйымдастырған Digital Qazaqstan Battle ұлттық байқауының 20 финалисі белгілі болды. Жеңімпаз Шымкентте 10 млн теңге ұтып алады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Қазақстанның үздік 20 стартабы анықталды: бас жүлде – 10 миллион теңге

Еліміздің әр өңірінен үздік технологиялық жобаларды іріктейтін Digital Qazaqstan Battle ұлттық байқауының финалына шыққан 20 стартаптың тізімі жарияланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Astana Hub ұйымдастырған бұл ауқымды сайыстың жартылай финалы еліміздің барлық аймағында өтіп, нәтижесінде ең мықты деп танылған командалар Шымкент қаласында өтетін Digital Qazaqstan форумында бақ сынайтын болды. Финалға Қостанайдан келген aitomaton, Атыраудың Lady Taxi, Оралдың Kasibi Taxi, Алматының gro.now және Астананың AR Sana секілді жобалары жолдама алды.

"Digital Qazaqstan Battle мықты технологиялық жобалардың тек ірі қалаларда ғана емес, Қазақстанның өңірлерінде де дамып жатқанын көрсетті. Біз дайын өнімі бар, алғашқы сатылымын жасаған және халықаралық нарыққа шығуды көздейтін стартаптарды көрдік. Шымкенттегі финал оларға өз шешімдерін инвесторларға таныстыруға мүмкіндік береді", - деді Astana Hub басқарушы директоры Танат Өскембаев.

Финалистер арасында ерекше көзге түскен жобалардың бірі – қарағандылық JolScan стартабы. Бұл жүйе қаладағы камералар мен мобильді құрылғылар арқылы жолдың жағдайын бақылап, шұңқырлар мен басқа да ақауларды автоматты түрде анықтайды. Осылайша, жолды қолмен тексеруге кететін уақыт пен шығынды едәуір азайтады.

"Жартылай финалдағы жеңіс – біздің "ақылды қала" тұжырымдамамыздың өміршеңдігін дәлелдейді. Бұл инновациялық әдіс қалаларды цифрлық трансформациялаудың тиімді құралы бола алатынын көрсетіп отыр", - дейді JolScan жобасының негізін қалаушылардың бірі Рустем Қадыров.

Тағы бір қызықты жоба – қостанайлық aitomaton. Бұл платформа жасанды интеллект агенттері арқылы бизнес-процестерді автоматтандыруға арналған. Ол CRM, тапсырмаларды қадағалау, мессенджерлер мен телефонияны бір орталыққа біріктіреді.

"Біз бизнес үшін AI-агенттер мен адамдарды бір жұмыс кеңістігіне біріктіретін платформа жасап жатырмыз. Финалға шығу – осы тұжырымдаманы кең аудиторияға таныстыруға тамаша мүмкіндік. Үздік үштікке еніп, жаңа серіктестер табуды жоспарлаймыз", - деп атап өтті жобаның негізін қалаушы Эдгар Володькин.

Ұлттық стартап-батлдың финалы 2026 жылдың 27 наурызында Шымкентте өтеді. Бас жүлде иегеріне 10 000 000 теңге, екінші орынға 5 000 000 теңге, ал үшінші орынға 3 000 000 теңге табысталады. Сондай-ақ, 1 000 000 теңгелік көрермен көзайымы сыйлығы да бар.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар