Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Қазмырыш зауытындағы жарылыс: Еңбек министрлігі себептерін анықтап жатыр

Өскемендегі «Қазмырыш» зауытында болған жарылыстың себептері анықталуда. Еңбек министрлігі оқиғаның мән-жайын тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға уәде берді.

Авторы Todayinfo редакциясы··2 мин оқу
Қазмырыш зауытындағы жарылыс: Еңбек министрлігі себептерін анықтап жатыр
📷 Instagram/@uka__city_

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Өскемендегі «Қазмырыш» зауытында болған жарылыстың себептерін анықтап жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл туралы ведомствоның бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.

«Біз қазір нақты себебін анықтап жатырмыз. Бұл кімнің кінәсінен болды: қауіпсіздік техникасын сақтамау ма, әлде адамды қауіпсіздік техникасымен таныстырмау ма, әлде кәсіпорындағы технологиялық ақау ма, әлде ескірген жабдықтарды ауыстырмау ма. Біз бұл себепті анықтаймыз және сеніңіздер, кінәлілер жауапкершілікке тартылады», — деді Тұяқбаев бейсенбі күні Сенат кулуарында.

Вице-министрдің айтуынша, «Қазмырыш» бұған дейінгі жылдары да нұсқамалар алған.

«Есімде, былтыр және одан бұрынғы жылдары «Қазмырыш» және басқа да ірі кәсіпорындардың қызметі профилактикалық тексерулер аясында тексерілген болатын. Нұсқамалар уақытында орындалып, біз ешқандай айыппұл салмағанбыз. Бірақ бұл жағдайға байланысты, өздеріңіз білесіздер, жедел-тергеу тобы құрылды, оған Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті ТЖМ-мен бірге кірді», — деп түсіндірді Тұяқбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда Өскемендегі «Қазмырыш» аумағында ірі өрт шыққан болатын. Кейін өрт толығымен сөндіріліп, оқиға орнында іздестіру жұмыстары жалғасты. Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алды.

Зауыттағы жарылыстан кейін Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті ауа сынамаларын алып, өлшемдер жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Компания өрт салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі зардап шеккенін растады. ТЖМ өрттің аумағын нақтылап, дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы хабарлады.

Облыстық Полиция департаменті екі жұмысшының қаза болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, тергеу үшін ведомствоаралық комиссия құрылатыны белгілі болды.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет те «Қазмырыштағы» төтенше жағдайдан кейін ауа сапасын тексерді.

6 мамырда Әділов бұл іс бойынша әлі ешкімнің ұсталмағанын және жарылыс себептерінің негізгі нұсқаларын атады.

12 мамырда компания жарылыс кезінде зардап шеккен бір адамның ауруханада қайтыс болғанын хабарлады.

Ұқсас материалдар