Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

ҚХА-ға жаңа міндеттер жүктелді: Әлеуметтік желідегі арандату бақыланады

Түркістанда өткен ҚХА кеңесінде қоғамдық келісімді нығайту жолдары талқыланды. Әлеуметтік желідегі арандатушылыққа қарсы шаралар қабылданады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
ҚХА-ға жаңа міндеттер жүктелді: Әлеуметтік желідегі арандату бақыланады

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында мемлекеттің ішкі саясатының жаңа бағыттары мен этносаралық келісімді нығайтудың заманауи тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Алқалы басқосуға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен қоғам белсенділері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен екі стратегиялық құжатты талқылау болды. Олар: Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» атты 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы.

Жиында сөз алған спикерлер, оның ішінде өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Райымжан Алибаев пен Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Сейдулла Садықов аталған құжаттардың маңызына тоқталып, Президенттің «Түркістан» газетіне берген сұхбатындағы басымдықтарды атап өтті.

Кеңес барысында Ассамблеяның алдағы жұмысына қатысты бірнеше нақты ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, этносаралық қатынастарға тұрақты мониторинг жүргізу, «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру, жастарды Ассамблея жобаларына белсенді тарту көзделген. Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында жасанды интеллект технологияларын қолдану және әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы контенттің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары өңірде сапалы әрі жүйелі орындалуы керектігін қадап айтты.

"Біздің басты мақсатымыз – қоғамдық келісімді нығайтып, «Әділетті Қазақстан» қағидатын күнделікті өмірде іске асыру. Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір жауапты тұлғаның жіті бақылауында болуы тиіс", - деді Ертай Кенжебекұлы.

Кеңес соңында тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны белгілі болды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас материалдар

ҚХА-ға жаңа міндеттер жүктелді: Әлеуметтік желідегі арандату бақыланады · Todayinfo