Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Құлсары қаласында орын алған ауыр қылмыс бойынша сот үкімі жарияланды. Айыпталушы бұрынғы әйелін көпшілік мекемеде — емхана ғимаратында пышақтап өлтіргені үшін кінәлі деп танылды,деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Оқиға 2025 жылдың 27 наурызында болған. Тергеу материалдарына сәйкес, сол күні марқұм Instagram әлеуметтік желісінде бұрынғы күйеуімен хат алмасқан. Жанжал ушығып, ашуға бой алдырған ер адам қалтасына бәкі салып, әйелінің жұмыс орнына барып, қызметтік кабинетінде ауыр қылмыс жасаған.
«Онда жәбірленуші мен оның әріптесі болған. Айыпталушы бұрынғы жұбайын басынан ұрып, әріптесі араша түскенде пышақ алып шыққан. Әріптесі сыртқа жүгіріп шыққан кезде, ер адам әйелге мойын мен кеуде тұсына екі рет соққы жасаған», – делінген сот үкімінде.
Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін тек ішінара мойындағанымен, оның қылмысы куәгерлердің, сараптамалар мен дәлелдердің негізінде толық дәлелденді.
Сот шешімімен ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жәбірленушінің туыстарына 15 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді.




