Фото: Мұртаза Бұлұтайдың жеке парақшасынан
Мәдениеттанушы, PhD ғалым Мұртаза Бұлұтай тәуелсіздік ұлт үшін ең қымбат құндылық екенін айтты. Оның сөзінше, адам баласы жаратылысынан еркіндікке ұмтылады, ал бұл қасиет тұтас ұлттың болмысынан көрініс табады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Ұлт, тәуелсіздік және мемлекет – бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ұғымдар. Бір тілде сөйлейтін, ортақ тарихы мен мәдениеті бар халықтың мемлекеттілікке қол жеткізуі – ұлттың кемелдігі», – деді ол.
Ғалым қазақ халқы тарихта талай зұлматты бастан өткергенін атап өтті. Айтуынша, жаугершілік, босқыншылық пен саяси қысымдарға қарамастан, қазақ ұлты азаттықтан үмітін үзген емес.
«Қазақ мың өліп, мың тірілсе де, ұлттық болмысын сақтап қалды. Батырлар мен ұлт қайраткерлері тәуелсіздік жолында жанын пида етті. Ұлтты жоюға бағытталған әрекеттер тіліміз бен дінімізді түбегейлі жоя алмады», – деді Мұртаза Бұлұтай.
Оның айтуынша, әдебиет пен өнер ұрпақ санасына еркіндік рухын сіңіруде ерекше рөл атқарды. Абай, Қадыр Мырза Әлі, Жұмекен Нәжімеденов сынды тұлғалардың шығармалары елдік сананы қалыптастырды.
Сондай-ақ ғалым шетелде жүрген қазақтардың да ұлттық тұтастықты сақтауға үлес қосқанын айтты. Оның сөзінше, темір перделер мен шекаралар қазақ халқының рухани байланысын үзген жоқ.
«Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәт – біз үшін сену қиын тарихи кезең болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық оның шынайы мәнін біртіндеп түсіне бастады. Өз туы, әнұраны, әскері, валютасы бар дербес мемлекетке айналу – үлкен өзгеріс әкелді», – деді ол.
Мұртаза Бұлұтай қазіргі ұрпақтың басты міндеті – тәуелсіздікті нығайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, саяси дербестік экономикалық және рухани тәуелсіздікпен бекітілуі тиіс.
«Өз құндылықтарымызды сақтап, ішкі бірлікті күшейтсек, тәуелсіздігіміз баянды болады. Біз әлі ұлы көштің басында тұрмыз, алда алар асулар көп», – деді ғалым.




