Әлеуметтік желіде белгілі қоғам қайраткері, кәсіпкер Мұхтар Жәкішевтің қызының ұзату тойына қатысты пікірталас өршіді. Талқылауға себеп болған жайт – қалыңдықтың беташар рәсімінің өз үйінде өткізілуі, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Желі қолданушысы Ербол Мәндібек бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, қазақ дәстүрінде беташар рәсімі келін түскен жерде жасалуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, қыздың өз үйінде беташар өткізуі қалыптасқан салтқа сәйкес келмейді.
«Ұзатылған қыздың беті барған жерінде ашылады емес пе? Қыздың өз үйінде, өз елінде бетін ашқаны нес?» деген пікірін жариялаған ол мұндай қадам дәстүрден ауытқу болуы мүмкін екенін жазды.
Сондай-ақ жазба авторы күйеу жігіттің шетелдік, нақтырақ айтқанда Африка құрлығынан екенін меңзеп, екі елдің салт-дәстүріндегі айырмашылықтарға назар аударған. Ол қазақ қоғамында қалыптасқан жөн-жоралғылардың сақталуы маңызды екенін айтып, мәселені әзіл мен сын аралас сарында көтерді.
"Дәстүрді бұзғаны үшін Жәкішевтер әулетіне штраф салу керек. Ертең елдің бәрі осыларға еліктеп өз қызының бетін өз үйінде ашып жатса қайтеміз? Қазақтың беташар дейтін ең құнды дәстүрін қорғауымыз қажет. Мынау істері сүйекке таңба. Африкалық құдаларда дым ұят жоқ екен. Қызымызды тегін алып отыр еще өз елдеріне шақырып бір құман су құя алмағандары қалай?", - деп жазды пікір иесі.
Ал желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі дәстүрдің негізгі мәні сақталса, рәсімнің қай жерде өткені маңызды емес деп санаса, енді бірі беташардың ғасырлар бойы қалыптасқан тәртібі бұзылмауы керек деген көзқарасты ұстанды.
Әзірге Мұхтар Жәкішевтің отбасы бұл пікірталасқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен әлеуметтік желідегі талқылау қазақтың салт-дәстүрлерін заманауи жағдайда қалай сақтау керек деген мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды.




