Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Қызылордада 1700-ге жуық үйге газ берілді: бұрын бұл аумақ жай саяжай еді

Қызылордадағы Сабалақ саяжайына газ тартылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен рәсімде 1700-ге жуық үйге көгілдір отын берілді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Қызылордада 1700-ге жуық үйге газ берілді: бұрын бұл аумақ жай саяжай еді

Қызылорда қаласындағы Сабалақ саяжайының тұрғындарына газ беріліп, 1 694 үй көгілдір отынға қосылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтап, бұл жетістіктер Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

"Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы қаламызда өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық салада қарқынды дамығанын ерекше атап өтті. Cыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл – Мемлекет басшымыздың Сыр жұртшылығына ыстық ықыласы, тұрғындарымыздың бекем бірлігі мен тату тірлігінің нәтижесі! Сабалаққа қосылған көгілдір отын халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз!", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиын барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұрғындар мен мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы Сайлаубай Әбішев ақ батасын берді.

Бұған дейін Сабалақ саяжайы қала шекарасына енгізіліп, оған «тұрғын үй аумағы» мәртебесі берілген еді. Бұл өзгеріс аумаққа толыққанды инфрақұрылым жеткізуге жол ашты. Соңғы төрт жылда бұл ауданға 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 22 шақырым ауыз су магистралі тартылып, су мұнарасы мен электр желісі жүргізілген.

Газ тарту жобасының жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрады. Әкімдік алдағы уақытта қаладағы басқа да саяжайларға кезең-кезеңімен инфрақұрылым жүргізілетінін мәлімдеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар