Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Қызылордада қуаты 40 МВт күн электр станциясы желіге қосылды: 11,5 млрд теңгелік жоба

Шиелі ауданында қуаты 40 МВт күн электр станциясы желіге қосылды. Жобаға 11,5 млрд теңге салынды, 80 гектар жер берілді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Қызылордада қуаты 40 МВт күн электр станциясы желіге қосылды: 11,5 млрд теңгелік жоба

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылдық округінде қуаты 40 МВт күн электр станциясы желіге қосылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Қазыбек Иса, сондай-ақ «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков қатысты. Жоба серіктестерінің қатарында «Хуадиянь Қазақстан Энерджи» компаниясы бар.

Аймақ басшысы жаңа нысан өңірдің электр энергиясына сұранысын жабуға және өндірістік жобаларды кеңейтуге жол ашатынын айтты.

«Бүгінде облысымыздағы қарқынды жұмыстардың қуанышты сәтіне өздеріңізбен бірге жетудеміз. Қытайлық «Хуандиан» компаниясымен бірлесіп салынған 40 МВт күн электр станциясын желіге қосып отырмыз. Қазіргі таңда аудан тұрғындары сағатына 15,5 МВт электр энергиясын тұтынады. Жаңа станция Шиелі ауданымен қатар облыстың басқа да қажеттіліктерін өтеп, электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етеді. Жаңадан ірі өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жобаға 11 млрд 500 млн теңге инвестиция салынған. Мемлекеттік қолдау ретінде 80 гектар жер телімі берілген.

Жиында тағы бірқатар жаңартылатын энергия көздері жобалары да аталды. Аймақта жалпы құны 6 млрд теңгеге бағаланған, қуаты 20 МВт болатын күн электр станцияларын салу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік бұл бастама тұрмыс сапасына оң әсер етеді деген ұстанымда.

Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен станцияны іске қосуға атсалысқан мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйледі.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас материалдар

Қызылордада қуаты 40 МВт күн электр станциясы желіге қосылды: 11,5 млрд теңгелік жоба · Todayinfo