Ресейдің Усть-Луга кентіндегі вахталық қалашықта болған жаппай төбелестен кейін ұсталған қазақстандықтардың басым бөлігі босатылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл ақпаратты Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы растады. Дипломаттардың мәліметінше, жаппай жанжалдан соң 30-дан астам адам ұсталған, алайда олардың көпшілігі қазір бостандықта. Бірнеше адам, оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Ал тағы үш отандасымызға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Консулдық өкілдері жұмысшылармен, ұсталғандармен, сондай-ақ жұмыс беруші, күзет қызметі және ресейлік күштік құрылымдардың өкілдерімен кездесу өткізгенін мәлімдеді.
"Зардап шеккен немесе емдеуді қажет ететін Қазақстан азаматтары жоқ. Барлық азаматқа қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Кенттегі жағдай тыныш", - делінген Бас консулдықтың хабарламасында.
Еске сала кетейік, Усть-Лугадағы жанжал ірі порт нысанының құрылысына тартылған мыңдаған жұмысшы тұратын вахталық қалашықта болған. Төбелеске бірнеше жүз адам қатысқаны айтылады.
Фото: Әлеуметтік желіден




