2026 жылдың 1 қаңтары – Қазақстандағы "көлеңкелі бизнеспен" күрестің жаңа кезеңі басталмақ. Жаңа Салық кодексі мен Қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес, қарапайым аударымдар мен кәсіпкерлік табыстың аражігі нақты ажыратылды. Енді кімдердің шоты «қызыл аймаққа» енеді және қандай жағдайда салық органдары есігіңізді қағады?
Бұл сұраққа Мемлекеттік кірістер комитеті нақты жауап берді. Ереже қарапайым әрі қатал: банктер күдікті операцияларды жасырмай, тікелей салық органдарына хабарлауға міндетті.
Тексеріс кімдерге келеді? (Басты критерийлер)
Банк сіздің шотыңызды бұғаттамас бұрын немесе салыққа хабарламас бұрын, аударымдарыңыз екі бірдей талапқа сай келуі керек. Егер төмендегі жағдайлар қатарынан 3 ай бойы қайталанса, сіз бақылауға алынасыз:
-
Біріншіден: Сізге ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударылса;
-
Екіншіден: Осы аударымдардың жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден (12 ең төменгі жалақы) асып кетсе.
Бұл талаптар 2026 жылғы есептік көрсеткіштерге негізделген. Яғни, досыңызға түскі ас үшін ақша аударсаңыз немесе туысыңыздан көмек алсаңыз, қорқатын дәнеңе жоқ. Бұл шара тек жеке шотын бизнес мақсатында (дүкен, такси, қызмет көрсету) пайдаланып жүргендерге бағытталған.
Мысалмен түсіндіреміз
Жүйенің қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалмен қарастырайық. Азамат А-ның шотына мобильді қосымша арқылы:
-
Наурызда – 105 адамнан ақша түсті;
-
Сәуірде – 110 адамнан аударым келді;
-
Мамырда – 100 адамнан төлем қабылданды.
Егер осы үш айдағы түскен ақшаның жалпы сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асып кетсе, банк автоматты түрде бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер органына жолдайды.
Салықтан "хат" келсе не істеу керек?
Банк ақпаратты жіберген соң, салық органдары камералдық бақылау жүргізеді. Егер күмән расталса, сізге арнайы хабарлама келеді. Бұл жерде сізде екі жол бар:
-
Мойындау: Егер расымен кәсіпкерлікпен айналысқан болсаңыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салық есебін тапсырасыз.
-
Дәлелдеу: Егер сіз бұл ақшаның кәсіпкерлікке қатысы жоқ екеніне сенімді болсаңыз (мысалы, үйлену тойына жиналған сыйлық, қайырымдылық қор), түсініктеме жазып, дәлелдейтін құжаттарды тіркейсіз.
Ескеріңіз: егер хабарламаның бір бөлігімен келісіп, екінші бөлігімен келіспесеңіз, тек келіскен бөлігі бойынша түзету енгізіп, қалғанына түсініктеме бере аласыз.




