Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» атты республикалық акция басталды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Үкімет арнайы қаулы қабылдап, еліміздің әр өңірі Семейге бір-бір нысан тарту етуде.
Маңғыстау облысы Достық үйінің құрылысын бастаса, Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын салып жатыр. Кеше Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын, Алматы қаласы Медиаорталықты, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салуға кірісті.
Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы қала қақпасын, Батыс Қазақстан облысы спорт кешенін, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы «Келешек» мектебін салып береді. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.
Ірі инвесторлар да акцияны қолдап отыр. «KAZ Minerals» стадион, «Самұрық-Қазына» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Қазақстан халқына» қоры Инклюзивті спорт орталығын, «Қазақстан темір жолы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, «ҚазМұнайГаз» Болашақ сарайын салуды жоспарлап отыр.
Бұл – Абай еліне деген құрмет пен өңірлер арасындағы ынтымақтың көрінісі. Барлық жоба сапалы әрі мерзімінде аяқталып, халық игілігіне беріледі.




