Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, Астық консорциумы және «Ascle» ІТ стартап басшылығы баяндама жасады.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мәселелеріне және цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді жаппай енгізуге айрықша мән беретінін, бұл елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясының жобасы әзірленді. Ол жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын барынша енгізуді мақсат етеді. Аталған құжат алдағы уақытта саланың ұзақмерзімді даму бағдарына мүлдем жаңа көзқарасты қалыптастырып, қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз экономиканы цифрлық трансформациялауға айтарлықтай серпін беруіміз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспортын $1 млрд-тан астам деңгейге жеткіздік. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі $22 трлн-нан асады. IT саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Еліміздің кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу өнімнің сапасын, еңбек қауіпсіздігі мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.




