Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Саясаттанушы: Егер соғыс қазір тоқтаса, Иран келесіде міндетті түрде жеңіледі

Саясаттанушы Дулат Бакишев Таяу Шығыстағы қақтығысты талдады. Ол Израиль, АҚШ және Иранның шынайы мақсаттары мен Трамптың жеке мүддесін айтты.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Саясаттанушы: Егер соғыс қазір тоқтаса, Иран келесіде міндетті түрде жеңіледі

Қазақстандық саясаттанушы Дулат Бакишев Таяу Шығыстағы шиеленістің астарында жатқан негізгі ойыншылардың – Израиль, АҚШ және Иранның шынайы стратегиялық мақсаттарын талдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, Израильдің басты мақсаты – Иранды мемлекет ретінде толық жою. Яғни, болашақта ешқашан қауіп төндірмейтіндей етіп, оның толық күйрегенін қалайды. Сонымен қатар, сарапшы премьер-министр Нетаньяхудың жеке мүддесіне де тоқталды.

"Жеке Биби Нетаньяхуға келесі сайлауға дейін бұл соғысты созу қажет. Сонда оның соттағы ісі қайта қаралмайды", - дейді Бакишев.

Ал АҚШ-тың көздейтіні – Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларын тоқтату, аймақтағы мұнай мен газға бақылау орнату және билікке өзіне ыңғайлы адамдарды әкелу. Алайда саясаттанушы АҚШ президенті Дональд Трамптың жеке мүддесі бұдан да ауқымды екенін атап өтеді. Оған қарашадағы сайлауға дейін «Эпштейн ісін» жылы жауып, Таяу Шығыс мұнайын өз айналасындағыларға бөліп беру арқылы баю маңызды. Сонымен қатар, ол «аятоллалар Иранын жеңуші» ретінде тарихта қалғысы келеді.

Бакишевтің айтуынша, Тегеран әскери тұрғыдан бұл екі одақтастан әлсіздеу. Сондықтан ол қарсыласының ең осал тұстарын тауып, соққы беру тактикасын ұстанып отыр. Себебі, егер соғыс қазір тоқтап, мәселе шешілмесе, бір жыл ішінде қайта басталуы мүмкін келесі қақтығыста Тель-Авив пен Вашингтон Иранды оңай жеңеді. Өйткені АҚШ Иранның қорғаныс кешендерін қатты бомбалап тастаған.

"Иран алыстағы «Диего Гарсия» базасын атқылап, әлемді таңғалдырды. 2600 шақырымға ұшқан зымыран дәл тиді. Бұл – Еуропа елдеріне «Араласпаңдар!» деген белгі", - деп санайды сарапшы.

Тегеранның түпкі мақсаты – АҚШ-пен келіссөзге келіп, өтемақы алу және Израильдің ядролық нысандарына халықаралық инспекция жүргізуге қол жеткізу. Сарапшының сөзінше, Иран режимі ұзақ соғысқа дайын және «мұнай картасын» тиімді пайдалануда. Ал бұған Дональд Трамп дайын емес, өйткені оған мұнай бағасы мен экономиканы тезірек тұрақтандыру керек.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Саясаттанушы: Егер соғыс қазір тоқтаса, Иран келесіде міндетті түрде жеңіледі · Todayinfo