Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Сенатор Бектаев: "Жұмысшылардың құқығы енді Ата заң деңгейінде қорғалады"

Түркістан облысында сенатор Әли Бектаев жұмысшылармен кездесіп, жаңа Конституция азаматтардың еңбек құқығын Ата заң деңгейінде қорғайтынын айтты.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Сенатор Бектаев: "Жұмысшылардың құқығы енді Ата заң деңгейінде қорғалады"

Түркістан облысында Парламент Сенатының депутаттары жұмысшылармен кездесіп, жаңа Конституциядағы еңбек құқықтарына қатысты негізгі өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жалпыұлттық коалиция өкілдері Ордабасы ауданындағы «Темірлан абаттандыру» кәсіпорнының еңбек ұжымымен жүздесті. Кездесуге сенаторлар Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек, сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты.

Сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, жаңа Ата заң еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған және бұл құқықтарға енді ең жоғары заңдық кепілдік беріледі.

"Азаматтардың еңбек ету, қауіпсіз жұмыс орнымен қамтылуы және әділ төлемақы алу құқығы енді Еңбек кодексінің талабымен ғана емес, Ата заңмен қорғалатын ең жоғарғы құқық болады. Бұл норма әрбір азаматтың жұмыспен қамтылуына тең мүмкіндік беруді, еңбек саласында кемсітушілікке жол бермеуді көздейді", - деді Әли Бектаев.

Өз кезегінде сенатор Мұрат Қадырбек бұл конституциялық нормалардың Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге толық сәйкес келетінін атап өтті. Коалиция мүшелері жаңа өзгерістер жұмыскерлердің құқығын қорғауды күшейтіп, еңбек адамының мәртебесін көтеретінін жеткізді.

Кездесу соңында кәсіпорын жұмысшылары Конституция жобасына қолдау білдіріп, алдағы референдумда өз таңдауларын жасайтынын мәлімдеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Сенатор Бектаев: "Жұмысшылардың құқығы енді Ата заң деңгейінде қорғалады" · Todayinfo