Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімінде ақын Ұлықбек Есдәулет тебіреніске толы естелік айтып, марқұмның болмысы мен ел алдындағы еңбегіне тоқталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуі тек қазақ елі үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін орны толмас ауыр қаза болды.
«Мұхтар ағамыздың дүниеден өткені тау құлағандай әсер беріп жатыр. Бүгінде бүкіл түркі жұрты ақынды жоқтап отыр. Ол алған марапаттардың ішінде ең көп қадір тұтқаны — түркі әлемінің сый-құрметі еді. Мұхаңды тек қазақ пен қырғыз ғана емес, барша түркі халықтары жоқтап жатыр», – деді Ұлықбек Есдәулет.
Ақын Мұхтар Шахановтың азаматтық ұстанымы мен қоғамдағы белсенді қызметін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ол қай кезеңде де ұлттық мүдде жолында тайсалмай күрескен тұлға болды.
«Таудың құлауы — жай ғана тастың домалауы емес, орны толмайтын қасірет. Мұхаң ел тағдырына қатысты ірі мәселелердің бәрінде алдыңғы қатарда жүрді. Кеден одағына қарсы пікір білдірді, Желтоқсан оқиғасы шындығын ашық айтты. Наурыз мейрамын жаңғыртуға күш салды, Арал мәселесін көтеріп, соңына дейін күресті», – деді ол.
Ұлықбек Есдәулет сөз соңында Мұхтар Шахановтың өмір жолын бейнелі түрде сипаттап, көпшіліктің көңіліне ерекше әсер еткен теңеу айтты.
«Мұхаң Алматыға ақбозатпен келіп, Отырарына ақбозатымен кетіп барады», – деді ақын.

Жиынға жиналған жұртшылық бұл сөздерді үлкен тебіреніспен қабылдап, ақын рухына тағзым етті. Мұхтар Шахановтың есімі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталатыны айтылды.

Қаралы жиын соңында жиналған қауым ақынды қимай, оның жырларын оқып, елге сіңірген еңбегі мен игі істерін жарыса еске алды. Көзіне жас алған жұрт ақынның әр сөзі мен әр шумағынан рухани қуат алғанын айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.






