Астана уақыты бойынша сағат 19:00-дегі мәліметке сәйкес, шетелде өткен республикалық референдумда 9050 Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов хабарлады.
Оның айтуынша, референдум күні Қазақстанның шетелдегі мекемелері жанынан 54 елде 71 дауыс беру учаскесі жұмыс істеп жатыр. Шетелдегі учаскелерде дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат 03:00-де басталды.
Уақыт айырмашылығын ескере отырып, сағат 19:00-ге қарай барлық учаскелер ашылды, оның ішінде 14 учаске өз жұмысын аяқтап үлгерді.
Астана уақыты бойынша түнгі 00:00-ге дейін 64 учаске жабылады деп жоспарлануда. Ал соңғы болып Сан-Францискодағы Қазақстанның Бас консулдығы жанындағы учаске дауыс беруді аяқтайды. Ол 16 наурыз күні Астана уақыты бойынша сағат 08:00-де жабылады.
Фото: gov.kz



