Журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында шетелдік кинофестивальдерге қатысу үшін қазақ халқын жағымсыз қырынан көрсететін фильмдер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Қазақты әлемге танытудың жалғыз жолы оны маскүнем, надан, әлсіз, тағдырға мойынсұнған халық ретінде көрсету емес. Соңғы кезде фестивальдерге арналған кейбір фильмдерді көрсеңіз, қазақ тек қой соңында жүрген, ішімдікке салынған, жұдырықтан басқа тілі жоқ жұрт сияқты әсер қалдырады. Ал ондай туынды шетелден жүлде алса болды, "әлем мойындады" деп қуанамыз. Бірақ бірнеше қазылар алқасының таңдауы бүкіл әлемнің пікірі емес», – деп жазды ол.
Сонымен қатар журналист мұндай көзқарас өнердің емес, ұлтқа жасалған қиянаттың белгісі екенін айтты.
«Өз халқыңды қорлап, оның ең ауыр әрі сүреңсіз тұстарын ғана көрсетіп, кейін оны "өнер" деп ақтау – мақтанатын нәрсе емес. Қазақтың өмірі тек қора, мал бағу, арақ пен айқайдан тұрмайды. Бізде ғылымды дамытып жүрген ғалымдар, елге қызмет етіп жүрген дәрігерлер мен мұғалімдер, кәсіпкерлер, инженерлер, әлемдік деңгейдегі спортшылар мен өнер адамдары бар. Қазақтың рухы да, намысы да бар», – деді Гүлбану Әбенова.
Оның пікірінше, кейбір режиссерлердің назарын қазақтың қайсарлығы емес, тек қайғысы мен кедейлігі көбірек аударады. Себебі мұндай тақырыптар халықаралық фестивальдерде сұранысқа ие болады.
Журналист сөз соңында өнердің міндеті шындықты көрсету екенін, алайда шындық халықтың тек ең төменгі, ең ауыр тұстарымен ғана шектелмеуі тиіс екенін атап өтті.
«Шетелдің қошеметі үшін өз ұлтыңды мүсәпір етіп көрсету – мәдени жетістік емес. Бұл – өз тамырыңа өзің балта шабумен тең. Өнер шындықты айтуы керек, бірақ шындық деген халықтың тек ең лас қабатын ғана көрсету емес. Қазақты үнемі қорланған, дәрменсіз бейнеде көрсету – объективтілік емес, біржақтылық. Ұлттық намыс кез келген фестиваль дипломынан әлдеқайда қымбат», – деп түйіндеді ол.




