Әнші Димаш Құдайберген Қатонқарағайда өткен концерттен кейін айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жүрсін Ерманның үйіне арнайы барып, сәлем берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесі ақынның хал-жағдайын сұрап, үлкенге деген құрметін көрсетті. Бұл туралы айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов Instagram парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Өр Алтайда Димашпен жүздесіп, әншіге арнаған өлеңін оқып берген.
«Өр Алтайдың төрінде Димаш бауырыммен дидарласу бұйырды. Кешегі айтыста бір қайырым айтып едім», – деп жазды Нұрлан Есенқұлов.
Кездесу барысында ақын Димашқа арнаған жырын орындап, оның өнердегі жетістігі мен ел алдындағы абыройын жырға қосты.
Желі қолданушыларының басым бөлігі Димаш Құдайбергеннің концерттен кейін арнайы уақыт тауып, Жүрсін Ерманның көңілін сұрағанын жоғары бағалап, оның үлкенге деген құрметі мен тәрбиесіне ризашылық білдірді.
Алайда пікір білдірушілердің енді бір бөлігі видеодағы Жүрсін Ерманның әрекетін сынға алды. Олар ақынның Димашқа жылы лебізін білдірмегенін, батасын бермегенін айтып, түрлі пікірлер қалдырған.




