Талғар ауданының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Еламан ауылындағы жер телімдеріне қатысты көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселені қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Тұрғындардың айтуынша, 2012 жылы Еламан ауылының бір бөлігінде сібір жарасы (күйдіргі) ошағына қатысты мемлекеттік акт рәсімделген. Алайда олар бұл шешімнің нақты ғылыми зерттеулерге емес, сол кездегі болжамдар мен ауызша мәліметтерге негізделгеніне күмән келтіріп отыр.
Үндеу авторларының пікірінше, егер аталған аумақта шынымен қауіпті инфекция ошағы болған болса, мемлекет бұл жерге тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін бермес еді. Олар бүгінде бұл аумақта тұрғын үйлер, мектеп, жолдар, электр, ауыз су және газ желілері тартылып, толыққанды инфрақұрылым қалыптасқанын алға тартады.
Соған қарамастан, тұрғындардың айтуынша, 2012 жылғы актінің салдарынан жер телімдерін заңдастыру, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, құрылыс жүргізу, мүлікті кепілге қою немесе сату кезінде түрлі құқықтық кедергілер туындап отыр.
Осыған байланысты олар Президенттен 2012 жылғы шешімнің қабылдану негіздерін тәуелсіз тексеруді, архивтік және зертханалық материалдарға құқықтық баға беруді, қажет болған жағдайда заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуді және егер шектеулердің ғылыми немесе құқықтық негізі расталмаса, оларды алып тастауды сұрады.
Сондай-ақ үндеуде Еламан ауылы тұрғындарының құқықтарын қалпына келтіру үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты тапсырма беру туралы өтініш айтылған.
Тұрғындар өздерінің мақсаты қандай да бір мемлекеттік органды айыптау емес, мәселенің ақиқатын анықтап, оған ғылыми әрі құқықтық тұрғыдан әділ баға берілуі екенін атап өтті.




