Продюсер Баян Алагөзова көп жылдан бері қоғамда айтылып жүрген әпкесі Бағым Мақсатқызы мен KeshYou тобының бұрынғы әншісі Мөлдір Әуелбековаға қатысты дауға алғаш рет ашық пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл оқиға уақыт өтсе де, әпкесінің жадынан өшпеген және отбасына ауыр соққы болған жағдайлардың бірі ретінде қалған. Баян Алагөзова нақты есімдерді тікелей атамаса да, бұған дейін бұл жанжалдың Мөлдір Әуелбековамен байланысты екені айтылған еді. Ол сол кезеңде Бағым Мақсатқызы әншіні өзіне жақын адам ретінде қабылдап, сенім артқанын жеткізді.
Бағым Мақсатқызы да 2017 жылы берген сұхбатында бұл жағдайды өміріндегі ең ауыр кезеңдердің бірі ретінде сипаттаған. Оның сөзінше, сол оқиғадан кейін ол жұбайымен бірнеше жыл бөлек өмір сүрген.
«Бұл кешірілмейтін, адамгершілікке сай келмейтін әрекет болды. Қазір бәрі орнына келді, отбасымызда тыныштық. Бірақ кейбір жағдайларды ұмыту мүмкін емес. Мен бәрін кешіре алмаймын», – деген еді ол сол кезде.
Баян Алагөзова бұл оқиға жылдар өтсе де адам жадында ауыр із қалдыратынын атап өтті. Оның айтуынша, әпкесі сол уақытта үлкен эмоционалдық күйзеліс көріп, бұл жағдай отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен сенімге де әсер еткен.




