Appfigures зерттеуіне сәйкес, жасанды интеллект мобильді қосымшаларының өсімін енді мәтіндік модельдер емес, сурет жасайтын жаңа функциялар қамтамасыз етіп отыр. Пайдаланушылар сөйлесуден гөрі визуалды контент жасауға көбірек қызығушылық таныта бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл — нарықтағы басымдықтың ауысқанын көрсететін маңызды үрдіс. Мәселен, Google Gemini суретпен жұмыс істейтін моделін қосқаннан кейін 22 миллионнан астам жаңа жүктеуге ие болды. ChatGPT-дің GPT-4o моделі де 12 миллионнан астам жаңа орнату әкелді. Бұл көрсеткіштер олардың дәстүрлі мәтіндік модельдерін жаңартқан кездегі нәтижеден бірнеше есе жоғары.
Алайда, жүктеу санының көптігі табыстың өскенін білдірмейді. Gemini мен Meta AI жаңа аудиторияны ақшаға айналдыра алмады. Тек ChatGPT ғана қосымша 70 миллион доллар табыс таба алды. Бұл жаңа функцияның қызықты болғанымен, оған ақы төлеуге дайын пайдаланушылардың аз екенін көрсетеді.




