Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Алаш көсемінің қызы: Зейнеп Бөкейханованың өмірі мен тыйым салынған ғылыми еңбегі

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының қызы Зейнеп Бөкейханова-Сәдуақасованың тыйым салынған ғылыми еңбектері мен тағдыры туралы жаңа кітап жарыққа шығуға дайындалуда.

Авторы Todayinfo редакциясы··2 мин оқу
Алаш көсемінің қызы: Зейнеп Бөкейханованың өмірі мен тыйым салынған ғылыми еңбегі

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлының қызы, медицина ғылымдарының докторы Зейнеп Бөкейханова-Сәдуақасованың өмірі мен ғылыми мұрасы туралы жаңа зерттеу кітабы дайындалуда, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Зейнеп Әлиханқызы Сәдуақас­келіні «Түсік тастаудың әлеуметтік-гигиеналық мәселесі» атты докторлық диссертациясын сәтті қорғап, медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесін иеленген. Оның «Отбасының әлеуметтік-гигиеналық аспектілерін реттеу» атты монографиясы жарыққа шыққан. Ғалым-дәрігердің бұл еңбегі КСРО тарихындағы түсік тастау мәселесіне орай жазылған бірінші еңбек болып саналған. Әлі күнге дейін Ресейдің медициналық жоғары оқу орындарында осы еңбекті басшылыққа алып, оқу үдерісінде қолданады.

Түсік тастау мәселесі – қазіргі қоғамның да өзекті мәселесі болып тұрған іс. Оның өзектілігі әлі де жойылмаған.

Оның суретіне қарағанда, әкесі Әлихан Нұрмұхамедұлына өте ұқсас екені байқалады. Естеліктерде Зейнеп ханымның сұлу, парасатты, ақылды және ұстамды жан болғаны айтылады.

Әкесі мен жарынан, жалғыз баласынан тірідей айырылып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған Зейнеп Әлиханқызы ақтық демі таусылғанша КСРО медицина саласына айрықша үлес қосты. Алайда, ғалым-дәрігердің теориялық ашқан ғылыми жаңалығына көзінің тірісінде билік тарапынан бірнеше рет тыйым салынған болатын. Оны жұмыстан бірнеше рет шығарды, ғылыми жаңалығын мойындамады. Көсемнің қызы, Смағұлдың жесірі, Ескендірдің анасы жүйке ауруына шалдығып, күйзелістен қайтыс болған.

Зейнеп Бөкейханованың өмірін зерттеушілер Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих архивінің (РМӘСТА) қорындағы оның іс қағаздарымен танысып, кітаптарын оқып, таңғалғандарын айтады. Зерттеушілер ғалымның өмір жолы, көрген қиындықтары мен тағдыры жайында жаңа кітап дайындап жатқанын жеткізді. Алайда, қаржылық қолдаудың жоқтығынан кітаптың жарық көруі кешігуде. Егер демеуші табылса, қазақ оқырмандары жақсы кітаппен толыққан кітап сөресіне ие болар еді.

Туған күні қарсаңында Зейнеп ханымды сағынышпен, құрметпен еске алып, рухына дұға бағыштайық.

Ұқсас материалдар

Алаш көсемінің қызы: Зейнеп Бөкейханованың өмірі мен тыйым салынған ғылыми еңбегі · Todayinfo