«Облыс бойынша су тасқынынан қорғау жұмысына 703 полиция қызметкері 97 қызметтік техникамен жұмылдырылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді жалғастыруда. Ауылдарда 3 771 адам көшірілсе, соның 1 575-і эвакуациялық бекетке орналастырылып, 2 192-сі туысқандарына жіберілді. Аталған бекеттерді күзету жұмыстарына 13 қызметкер белгіленді. Эвакуацияланған 49 ауыл тұрғынынан уақытша сақтаудағы 68 азаматтық қару тәркіленді. Барлық қару полиция бөлімдерінде күзетілуде. Сондай-ақ адамдар көшірілген елді мекендерде азаматтардың мүлкін қорғауға 90 қызметкер (16 техника) атсалысуда. Соның нәтижесінде бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау деректері тіркелген жоқ», деп хабарлады ведомстводан.

Департаменттен мәлім еткеніндей, Тасқала,-Аққурай-Болашақ, Жымпиты-Қаратөбе (102-шақырымында), Аңқаты-Сарыөмір, Ақсай-Жымпиты жолдары жабық.
Оған қоса қолайсыз ауа райына (қалың тұман) және Подстепный-Елек жолының 35-шақырымында асфальттың жуылып кетуіне байланысты апаттың салдарын жою үшін 1 сәуір күні сағат 21.00-ден бастап барлық көлік құралдары үшін қозғалыс тоқтатылды. Теректі ауылына 2 километрдей жетпейтін тұста жолда шұңқыр пайда болды.
Осы аталған қауіпті аймақтарда полиция қызметкерлері тәулік бойы бақылау жасауда.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметі бойынша тұманға байланысты 1 сәуір күні сағат 21.45-тен бастап республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (4-104 км) және сағат 22.45-тен бастап Орал-Бузулук-РФ шекарасы (5-33 км) жолында барлық көлік түрлері үшін шектеу енгізілді.





