Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

Тіл үшін сотталу: 174-бап қазақ ұлтшылдарына қарсы қаруға айналды ма?

Тіл үшін түрмеге: Сарапшылар 174-баптың "қазаққа қарсы" жұмыс істеп жатқанын айтты Алматыда қоғамдық резонанс тудырған белсенді Мирболат Мырзатайұлының ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Қоғам қайраткерлері мен сарапшылар мемлекеттік тілді талап еткені үшін 4 жылға сотталған

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··3 мин оқу
Тіл үшін сотталу: 174-бап қазақ ұлтшылдарына қарсы қаруға айналды ма?

Тіл үшін түрмеге: Сарапшылар 174-баптың "қазаққа қарсы" жұмыс істеп жатқанын айтты

Алматыда қоғамдық резонанс тудырған белсенді Мирболат Мырзатайұлының ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Қоғам қайраткерлері мен сарапшылар мемлекеттік тілді талап еткені үшін 4 жылға сотталған азаматтың ісін "саяси тапсырыс" деп бағалап отыр. Бұл туралы Todayinfo порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

[caption id="attachment_124536" align="alignnone" width="1280"] Фото: Ulysmedia.[/caption]

174-бап: Қазақ ұлтшылдарына құрылған тұзақ па?

Адам құқықтарын қорғау бюросында өткен жиында белгілі саясаттанушы Дос Көшім Қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" туралы 174-бабына қатысты алаңдаушылық білдірді. Сарапшының пікірінше, бұл баптың заңдық шекарасы тым бұлыңғыр және соңғы кездері ол көбіне ұлттық мүддені қорғаған азаматтарға қарсы қолданылып жүр.

«174-баптың керегі бар, ұлтқа тіл тигізгендер жазалануы тиіс. Бірақ мәселе оның нақты шарттарының жоқтығында. Сот пен сарапшылар, өкінішке орай, биліктің ыңғайымен шешім шығаратынын көріп жүрміз. Бұл бапты қазақ ұлтшылдарына қарсы жиі қолдану – заңның емес, мемлекеттік саясаттың кемшілігі», – дейді Дос Көшім.

Сарапшы Мирболаттың істі болуына себеп болған видеоны талдап, онда ешқандай қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартты. Оның айтуынша:

  • "Мемлекеттік тілді сыйламайсыз";

  • "Тілді білуге міндеттісіз" деген сөздерде араздық қоздыру белгілері жоқ, керісінше, бұл – Конституциялық талап.

[caption id="attachment_124537" align="alignnone" width="1280"] Баспасөз мәслихатына келген белсенділер Мирболат Мырзатайұлының суретін ұстап отыр. Фото: Ulysmedia.[/caption]

"Жаңа Қазақстан" ескі сүрлеуге түсті ме?

Жиынға қатысқан диссидент Хасен Қожахмет қазіргі жағдайды кеңес заманындағы қудалаумен және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен салыстырды. Ол биліктің "Жаңа Қазақстан" құрамыз деген уәдесі сөз жүзінде қалғанын ашына айтты.

«Біз баяғы тоталитарлық жүйенің шекпенінен шыға алмай қалдық. Жоғарыдан "мынаны сотта" деген телефон қоңырауы арқылы шешім қабылдау тыйылған жоқ. "Жаңа Қазақстанға" ұмтыламыз деп жүріп, ескі әдеттерден арыла алмадық. Бұл – халықты қорлау», – деді диссидент.

Сотталған белсендінің жағдайы қалай?

Белсендінің жұбайы Гүлшат Бишуинованың айтуынша, қазіргі уақытта Мирболат Мырзатайұлы бірінші сатыдағы сот материалдарымен танысып жатыр. Адвокаттар оған аптасына екі рет кіріп тұрады. Түрме әкімшілігі оны суық камерадан жылырақ жерге ауыстырған. Алдағы уақытта қорғаушы тарап апелляциялық шағым түсірмек.

Айта кетейік, биыл қараша айында сот Мирболат Мырзатайұлын "әлеуметтік желіде алауыздық тудырды" деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырған еді. Айыптау актісіне сәйкес, оның мекеме басшысынан қазақша сөйлеуді талап еткен видеосы қылмыстық іске негіз болған.

Ұқсас материалдар

Тіл үшін сотталу: 174-бап қазақ ұлтшылдарына қарсы қаруға айналды ма? · Todayinfo