Америкалық Time журналы 2025 жылдың адамын жариялады. Биыл бұл атақ нақты бір тұлғаға емес, жасанды интеллект архитекторы атанған топқа берілді. Редакцияның айтуынша, дәл осы адамдар соңғы бір жылда әлемнің даму бағытын түбегейлі өзгертті.
Time пікірінше, 2025 жылы жасанды интеллект медицинадан бастап ғылым, экономика және мәдениетке дейінгі барлық салада шешуші күшке айналды. ИИ тек құрал емес, стратегиялық шешімдердің өзегіне айналды.
Жасанды интеллектті жасағандар неге таңдалды?
Журнал түсіндіруінше, ірі ИИ-компаниялардың негізін қалаушылар, инженерлері мен басшылары технологиялық күн тәртібін қалыптастырып қана қоймай, болашақ туралы қоғамдық түсінікті өзгертті.
Time мұқабасында әлемге танымал тұлғалар бейнеленген. Олардың қатарында Meta басшысы Марк Цукерберг, AMD жетекшісі Лиза Су, xAI негізін қалаған Илон Маск, Nvidia CEO-сы Дженсен Хуанг, OpenAI жетекшісі Сэм Альтман, DeepMind басшысы Демис Хассабис, Anthropic компаниясының негізін қалаушы Дарио Амодей және Стэнфорд университетінің адамға бағытталған ИИ институтының жетекшісі Фей-Фей Ли бар.
Қоғамды таңғалдырған әрі алаңдатқан технология
Time атап өткендей, 2025 жылы жасанды интеллект бір мезетте әрі үміт, әрі алаңдаушылық тудырды. Бұған дейін мүмкін емес деп саналған міндеттер шешіле бастады.
Мысал ретінде киттермен коммуникация жасауға бағытталған зерттеулер мен 30 жыл бойы шешілмей келген күрделі математикалық есептің ИИ көмегімен табысты аяқталуы келтірілген.
«Қандай сұрақ қойылса да, оған жауап ретінде жасанды интеллект ұсынылды», — деп жазады Time.
Редакция пікірінше, ИИ архитекторлары тек технология жасап қойған жоқ, олар адамзаттың болашаққа деген көзқарасын өзгертті.
Айта кетейік, 2024 жылы Time журналы жылдың адамы ретінде АҚШ президенті сайлауында жеңіске жеткен Дональд Трампты таңдаған болатын. Ал бұған дейін бұл атақ Тейлор Свифтке, Владимир Зеленскийге және Илон Маскқа берілген.




