Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы Astana Hub базасында Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылды, оның тәжірибесі қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша кеңейтілуде. Телекөпір барысында президент Қазақстанның 14 өңірінде Tomorrow School желісінің жұмысын іске қосты.
Жоба аясында оқыту тегін болады және 18 жастан асқан азаматтарға, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы жаңадан бастаған мамандарға қолжетімді болады.
Сонымен қатар, TUMO Astana білім беру платформасы — 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған креативті технологиялар орталығы таныстырылды. Бағдарлама генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын әзірлеу, анимация, 3D-модельдеу, робототехника, кино өндірісі және цифрлық музыканы қоса алғанда, 11 бағыт бойынша оқытуды көздейді.
Сондай-ақ президентке AI Research University тұжырымдамасы ұсынылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хабарлауынша, жаңа зерттеу университеті Alem.ai орталығының базасында орналастырылады деп жоспарлануда.
Студенттерге alem.cloud, AlemLLM және Astana Hub ресурстарын қоса алғанда, ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымына қолжетімділік беріледі. Білім беру бағдарламасының басталуы 2026 жылғы 1 қыркүйекке жоспарланған.
Фото: Ақорда




