Ақордадағы салтанатты шара барысында мемлекет басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Қазақстан мен Израиль әнұрандары орындалып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1992 жылдан бері жалғасып келе жатқан достық байланыстарды, экономикалық ынтымақтастық пен саяси диалогтағы жетістіктерді айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы Таяу Шығыстағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
«Біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың зор әлеуеті бар. Әсіресе технология саласында бірлескен жобаларды дамытуға мүдделіміз», — деді Президент Тоқаев.
Өз кезегінде Исаак Герцог бұл сапарды үлкен мәртебе деп атап, әкесі Хаим Герцогтың 1993 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Ол Қазақстанның мәдениеті мен дамуына тәнті екенін білдіріп, ынтымақтастықты кеңейтуге, әсіресе технология саласындағы серіктестікке ерекше мән берді. Израиль Президенті Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуын құптады.




