Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Жамбылұлы Шәпкенов Атырау облысының әкімі лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Серік Жамбылұлы Шәпкенов 1979 жылы дүниеге келген.
2000 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономикалық кибернетика факультетін экономист-математик мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2000 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады.
2001 жылы Батыс Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы болды.
2002–2006 жылдары Батыс Қазақстан облысының Қаржы басқармасында жетекші маман, кейін бас маман қызметтерін атқарды.
2006 жылы Батыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің шынайы секторды дамыту бөлімінің бастығы, кейін облыстық Ауыл шаруашылығы департаментінің әкімшілік бөлімінің бастығы болды.
2007 жылы Батыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы департаменті директорының орынбасары, кейін Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы болып тағайындалды.
2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
2016 жылы Атырау қаласының әкімі болды.
2018 жылы Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметіне кірісті.
2021–2022 жылдары Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды.
2022 жылғы 7 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.



