Президент Тоқаев ғылымдағы жетістіктерге тоқталғанымен, шешімін күткен мәселелердің әлі де көп екенін ашық мойындады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізіп, отандық ғылымның жай-күйіне баға берді, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір әлемде технологиялық үстемдік үшін қызу күрес жүріп жатыр. Сондықтан Қазақстанның өркендеуі үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – негізгі басымдықтардың бірі.
«Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, „Университет – зерттеу – инновация – коммерция“ экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр», - деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияға сәйкес ғылымды дамыту енді Үкіметтің бір бағыты ғана емес, мемлекеттің тікелей конституциялық міндеті екенін атап өтті. Бұл ғалымдардың жағдайын жасауға және зерттеу инфрақұрылымын жақсартуға жаңа серпін беруі тиіс.
Дегенмен, Президент саладағы жетістіктерді асыра бағалаудан аулақ екенін жеткізді. Ол Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы мен 27 мыңнан астам ғалым болғанымен, шешімін күткен мәселелердің әлі де көп екенін мойындады.
«Халықаралық тәжірибемен жете таныс адам ретінде отандық ғылымның қазіргі жай-күйін асыра бағалаудан, „толайым табысқа жетті“ деп айтудан аулақпын. Үкімет пен ғылыми қоғамдастықтың алдында ортақ стратегиялық мақсат тұр. Ол – анағұрлым тиімді ғылыми орта қалыптастыру, экономикадағы инновацияны ынталандыру, ғылымды өндіріспен барынша ұштастыру. Ашығын айтқанда, шешімін күткен мәселе шаш етектен», – деді Мемлекет басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден